Криптовалюта Қазақстан заңнамасына қай­­шы

7731

Қол­да­ныстағы заң­на­­ма бойынша ол қаржы құралы ретін­де қаралмайды және пай­даланыл­майды. 

Криптовалюта Қазақстан заңнамасына қай­­шы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәліметінше,  криптовалюталарды тө­лем құралы ретінде пайдалану Қазақстанның заңнамасына қай­­шы келеді. Қолданыстағы заң­намаға сәйкес еліміздегі тө­лем құралы – теңге. Сондай-ақ ақ­ша­лай міндеттемелер ұлттық валю­­тамен ғана көрсетілуі керек. Тиісінше, криптовалюта Қа­зақ­­­станның қол­да­ныстағы заң­на­­ма­сында ақша/валю­та, қаржы құралы ретін­де қарал­майды және пай­даланыл­майды.

Сатып алу кезінде крипто­валю­­­талардың құбылмалы әрі жасы­рын болуынан, нақты актив­тер­мен қамтамасыз етіл­меуінен қа­ражатты жоғалту тәуекелі жо­ғары. Соған қара­мас­тан, цифр­лы ақшаға қызығушылық танытатындар көп. Оның бағасы да тез шарықтайды. Оны бағасы өскен кезде инвестициялау пай­­далы болса да, қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Көп ин­вес­­­­­тор осыған назар аудара бер­­­мей­ді.

Криптовалюта – ин­тер­­нетте есеп айырысу үшін пай­даланатын цифрлы ақша­ның түрі. Бұл валютаның бірлігі – "coin". Ағылшын тілі­нен аударғанда "монета" деген ма­ғынаны білдіреді. Крипто­валю­­та электронды түрде ғана қолданылады. Мұндай виртуалды ақшаның негізінде арнайы блок­чейн технологиясы жатыр. Криптовалюталарды эмис­сия­лауға, яғни айналымға жаңа монеталарды шығаруға қатысты шектеу қойылған. Монеталар саны белгілі бір шекке жеткен кезде қаражаттың одан арғы айналымы валюта бағасының өсуі есебінен ғана жүргізіледі.

Әлемдегі ең танымал әрі қым­­­бат криптовалюта – bitcoin. Оған криптоалтын деген бейресми мәр­тебе де берілген. Барлық жаңа валюта әуелде биткоин блокчейніне негізделеді. Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі ағымда­ғы жағ­дайларға байланысты отандық инвесторлардың шетелдік нарық­тарда биткоинге инвестиция салуы бірқатар тәуекелге алып келуі мүмкін екенін ескертеді.

Біріншіден, биткоин Қазақ­стан заңнамасы бойынша қаржы құралы болып есептелмейді және инвестициялау объектісі ре­тін­де мемлекеттік реттеу аясына кір­мейді. Тиісінше, биткоинді ин­вес­тициялайтын отандық инвес­торлар мәмілелер, есеп айырысулар барысында туындаған проблемалар мен қолайсыз сценарийлер кезінде жауапкершілікті өздері ғана арқалайды. 

Екіншіден, биткоиннің ба­ғасы өте құбылмалы. Құбыл­ма­лылық­тың бірден-бір себебі – баға белгілеудің түбегейлі негіз­­дерінің болмауы. Сондай-ақ оның бағасына негізінен инвес­торлар тарапынан жасалатын қадамдар ықпал етеді. Яғни инвесторлардың жаппай дүрлігуі, кірістілігі жоғары ин­­­вес­тициялаудың балама тә­сілдерін іздеуі биткоин ба­­­ға­сын құбылтып отырады. Мә­селен, 11 қаңтар күні таңертең бит­коин бағамы сауда-саттық ашыл­ғаннан кейін күрт төмендеп кетті. Криптовалюта 33,951 мың АҚШ долларына дейін, яғни 11,06 пайызға төмендеді. Ал үш күн бұрын биткоиннің құны тарихи шегін жаңартып, 41 мың АҚШ долларына жеткен еді.

Үшіншіден, биткоинді алаяқ­тар­дың пайдалану мүмкіндігі жоғары. Биткоинмен сауда-сат­тық жүргізу үшін сенімді әрі рет­телетін алаңдардың болмауы әлеуетті ин­весторларға қатысты алаяқтық әре­кеттердің жасалуы­на жол ашады. Бұл ретте, дербес және карточка деректерін, сондай-ақ ақша қаражатын жо­ғалтып алу қаупі төнуі мүмкін. Әлемдік тәжірибеде бірнеше рет криптовалюталық платформалар мен биржаларды бұзу, қомақты қаражатты ұрлау фак­тілері тір­келген. Мәселен, 2018 жылы крип­товалюталарды ұр­лау­дан келген залал көлемі 1,36 млрд АҚШ долларынан асып түс­кен.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу