Мұнай 25 долларға дейін арзандауы мүмкін

6098

Вирус қаупі әлемдік сұранысты төмендетіп жатса да, ОПЕК пен Ресей энергетикалық шикізат өндірісін қысқартуға келісе алмай отыр.  

Мұнай 25 долларға дейін арзандауы мүмкін

Жұма күні әлем нарығында мұнай құны әрі қарай қарай құлдырап, 50 доллардан төмендеді. Бұл – 2017 жылдың шілдесінен бергі ең төменгі баға. Энергетикалық шикізаттың мұнша арзандауына ОПЕК пен Ресейдің Вена конференциясында коронавирус эпидемиясына байланысты өндірісті қысқартуға келісе алмауы себеп болды.

ОПЕК өндірісті 2020 жылдың соңына дейін тәулігіне тағы 1,5 миллион баррельге азайтуды ұсынып отыр. Себебі, дүниежүзінің авиация мен транспорт салалары тарапынан отынға сұраныс азайып барады. Және де трейдерлер мұнай тұтыну деңгейі 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан бері алғаш рет түседі деген болжам айтып отыр.

ОПЕК+ тобына  осы картельге (ОПЕК-ке) мүше емес Ресей, Қазақстан тәрізді ірі өндірушілер де кіреді. Олар Австрия астанасында пәтуа жасасқанда, мұнай өндірісі жалпы алғанда тәулігіне 3,6 миллион баррельге азайып, соңғы онжылдықтағы ең үлкен қысқартуға жол ашылар еді. Бірақ, бұған ОПЕК-тің іс жүзіндегі лидері Сауд Арабиясымен төрт жыл бойы мұнай нарқы бойынша одақтасқан Ресей де, Қазақстан да келісімдерін бермеді.

Жұма күні "Рейтер" агенттігі хабарлағандай, Мәскеу өндірісті тағы 1,5 миллион баррельге кемітуге қарсылық білдіріп, осыған дейінгі уағдаластықты әрі қарай жалғастыруға ғана келісе алады. Бейсенбі күні РФ қаржы министрі Антон Силуанов мәлімдегендей, Мәскеу мұнай бағасының түсуіне дайын. Сонымен қатар, ОПЕК-ке мүше емес Қазақстан энергетика министрі Нұрлан Ноғаев та өндірісті қысқарту туралы бұрынғы келісімді маусымға дейін созу туралы келіссөздерге ғана мән берілетінін атап өтті. 

Жұма күнгі сессияда Brent маркалы шикізат бағасы бірден 5 пайызға арзандап, 47.02 долларға дейін төмендеді. Ал, америкалық WTI-дың бөшкесі  $43.28-ден саудаланды.

Ресей коронавирустың экономикаға әсері толық анықталмай, асығыс шешім қабылдағысы келмейтінін мәлімдеп отыр. Алайда, бірқатар сарапшылардың ескертуінше, ОПЕК+ өндірісті шектеуге келіспесе, мұнай бағасы әрі қарай да төмендей бермек. Айта кетсек, көмірсутегі жыл басынан бері өз құнының үштен бірін жоғалтты.

Boston Consulting Group-тың Энегетикалық ықпал орталығының сарапшысы Джейми Вебстер айтқандай, егер ОПЕК пен оның одақтастары айтарлықтай қысқартуға уағдаласпаса, баға 2016 жылдағыдай 30 доллардан төмендеп кетуі мүмкін.

"Олар дереу шешім қабылдауы керек, болмаса, мұнай арзандай береді", – дейді Вебстер.

Black Gold Investors компаниясының негізін қалаған Гари Россқа сенсек, Ресеймен келісе алмаған Сауд Арабиясы мұнайды бұрынғыдай толық өндіруге кірісетін болса, дүниежүзілік нарықта шикізат құны тіпті 25 долларға дейін түсіп кетпек.  Бұл – ең жағымсыз сценарий. Оның зардабын ОПЕК қана емес, Ресейдің өзі де тартады. Өйткені, РФ өз бюджетіндегі балансты мұнай 40 долларға дейін құнсызданғанда ғана сақтауға қауқарлы.

"ОПЕК-те вирусқа байланысты сұраныс азайғандықтан, өндірісті төмендеткеннен басқа амал қалған жоқ. Бұған өзінің экономикалық мүддесін ескеріп, Ресей бәрібір қосылуы мүмкін", – дейді Росс "Рейтерге" берген сұқбатында.

Financial times газеті Wood Mackenzie консалтингтік компаниясының болжамына жүгініп хабарлағандай, мұнайға тәуліктік сұраныс бірінші тоқсанда 2,7 миллион баррельге азаюы ықтимал. Себебі, әлемнің АҚШ-тан кейінгі екінші ірі энергетикалық ресурс тұтынушысы – Қытайда вирустық эпидемияны тоқтату мақсатында экономикалық белсенділік күрт төмендеп барады. Және де коронавирус пандемияға жақындап қалғандықтан, шикізат трейдерлері АҚШ пен Еуропада да сұраныс қатты зардап шегеді деп алаңдап отыр.

Wood Mackenzie-дің сарапшысы Энн-Луиза Хиттлдың есебінше, алдағы бірнеше айда Covid-19 инфекциясына айтарлықтай тосқауыл қойылса ғана мұнайға сұраныс биылғы жылдың екінші жартысында қалпына келуі мүмкін.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, мұнай өндірісін тежеу туралы келісім жасалады деген үміт өшпеуі керек. Бірақ, Ресей бұған келісім бермесе, Саудияның жаңа энергетика министрі  – принц Әбдулазин бин Салман, өндірісті қысқарту туралы әуелгі пәтуадан шығып кетуі ғажап емес.

Болжамдарға қарағанда, Ресейге өндірісті Сауд Арабиясы тәрізді мол мөлшерде азайтатпау туралы ұсыныс жасалып, ОПЕК+ тобы қандай да бір уағдаластыққа қол жеткізуі де мүмкін. Айта кету керек, Мәскеу әр-Риядпен одақтаса отырып, кейінгі жылдары өзінің Таяу Шығыстағы ықпалын күшейтіп алғаны белгілі.

АҚШ-та тақтатастан мұнай алу саласының өркендеуіне байланысты ОПЕК+  2016 жылдан бері өз өндірісін кеміте отырып, бағаны күйреуден сақтап келеді. 

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, ОПЕК пен оның одақтастары алдағы күндері немесе апталарда энергетикалық шикізатты аз шығару жайында бір ұйғарымға келсе де, бағаның соншалықты көтерілуі екіталай. Себебі, қазір ғалам экономикасының қарқыны жедел бәсеңдеп барады. Оның үстіне, ОПЕК-ке кірмейтін АҚШ  Ресей тәрізді халықаралық энергетикалық картельдің үдесінен шығатын шешім қабылдамай, нарықты мұнайға толтырып, оның құнын әрі қарай түсіреді деген қауіп бар.  Америка үшін энергетикалық ресрустардың арзандығы тиімді, ал оның бюджеті шикізат бағасына тәуелді емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу