Наурыз айында үй бағасы тағы өсті

Сарапшы алдағы айларда жаңа баспана бағасы 2-3%-дан арта береді деп болжауда. 

Наурыз айында үй бағасы тағы өсті

Зейнетақы жинағындағы артық ақшаны алуға болатын соңғы айда бағаның өсуіне қарамай, сатып алушылар да көбейген. 2022 жылдың наурызында Қазақстанда үй сатып алу-сату бойынша 67 801 мәміле жасалды. Осыған дейін бұдан жоғары көрсеткіш тек 2021 жылдың желтоқсан айында тіркелген. Ол кезде 95 мыңға жуық мәмілеге қол қойылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Наурызда ақпанмен салыстырғанда тұрғын үйге сұраныс 45,6% (+21,2 мың келісім), 2021 жылдың наурызымен салыстырғанда 28,7% (+15,1 мың) өскен.

Сонымен бірге сұраныспен қатар баға да өсті. Қайталама нарықтағы пәтерлер 3%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім – Павлодарда (+4,6 %), Семейде (+4,3 %), Қызылордада (+3,7 %) тіркелген. Ең ірі қала Алматы үй бағасының өсімі жағынан 7 орында. Мұнда көрсеткіш 2,7 % артып, шаршы метрдәң орташа бағасы 635 920 теңге болды. Нұр-Сұлтанда баға қатты өспеген үш қаланың бірі, мұнда наурызда үй бағасы 1,8% ғана артып, 1 шаршы метр үшін орташа баға 464 600 теңге болды. Наурызда үй бағасы тұрақты болған жалғыз қала – Ақтау. Мұнда баға ақпандағы деңгейде – 0,1% шамасында қалды. Жалпы жыл басынан бері үй бағасы Қазақстанда 4%-ға өскен. Оның басым бөлігі наурыз айындағы өзгеріс. Бұған басты себеп – зейнетақы жинағындағы мөлшерлемеден артығын алудың соңғы айы болуымен байланысты. 

Жалпы 2022 жылы тұрғын үй сатып алу қарқыны былтырғымен салыстырғанда артқан. Бірінші тоқсанда отандастарымыз 147 743 пәтер мен үй сатып алған. Бұл өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 28,1% немесе 32,4 мыңға көп. Өткен және 2020 жылмен салыстырғанда нарықтағы белсенділік 2 есеге артқан. Мұның да басым бөлігі тағы да наурыз айына тиіселі. 

Наурыз айында үйге сұраныс жағынан Қарағанды облысы алда. Өткен айда мұнда 11 444 сатып алу-сату шарты жасалған. Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі мегаполистердің өзінде 2019 жылдан бері мұндай сұраныс болмаған. 

Алматыда сатып алу-сату шарты 9,3%-ға артқан. Наурызда еліміздің ең ірі қаласында 6 613 пәтер мен үй сатылған. 

Бірақ мұнда пәтер саудасы баяу болды, бұл жағынан Алматы Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Маңғыстау облысынан да артта қалды. 

Ал Нұр-Сұлтанда наурызда 8 652 шарт жасалған. 2021 жылы әр айдағы орташа көрсеткіш 6 230 шарт, биылғы ақпанда 5 907 пәтер, үй сатылған. І тоқсанда сатылым өткен жылмен салыстырғанда 14,3%-ға артқан. 

Пәтер, үй саудасындағы ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Наурызда мұнда 1 124 сатып алу-сату келісімі жасалған.  Бұл ақпанмен салыстырғанда 61%, 2021 жылдың наурызымен салыстырғанда 64%-ға көбірек. 

Ал жаңа пәтерлерге келсек, құрылыс компаниялары бағаны қымбаттатып, шамамен 30%-ы сатуды тоқтатты. Себеп – доллардың өсуі. Салдарынан құрылыс материалдарының да құны шарықтап шыға келді. Мысалы, темір бағасы 2,5 есе өскен. Ал құрылыс пен сатуды тоқтатпаған компаниялар "Атамекен" ҰКП алаңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың қатысуымен жиын өткізіп, "мұңдарын" шақты. 

Олар доллар бағамының құбылуына байланысты құрылыс материалдарының құны 30%-ға өсті, сондықтан бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен салынып жатқан құрылыс бағасын қайта қарау керек екенін жеткізді. 

Мұның сыртында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан пәтерлерді тағы қосыңыз. "Бағалық сметаны қайта қарамасақ компаниялар дефолтқа ұшырайды" десті. Наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 2,5 млн.ш.м құрылысты қысқарту туралы шешім қабылданды. 

Құрылыс компаниялары мұның салдарынан жұмыс орндарының саны да 100 мыңға азаятынын хабарлады. 

Мұндай мәселелердің барлығы тұрғын үй бағасының өсуіне әкеледі. Сондықтан мемлекет субсудия қарастырса дейді, құрылыс компаниялары. Ал әзірше "бағаны өсіруге мәжбүрміз" деген олар үй бағасын 10%-ға немесе 5-10 млн теңгеге көтерді. 

Сарапшылар наурыздағы тұрғын үй нарығындағы өзгерістерге "біртүрлі" деген баға берді. Өйткені шаршы метр құны қымбаттаған, соған қарамастан, зейнетақының артығын алуға байланысты үйге сұраныс та артқан, ал құрылыс компаниялары сатуды тоқтатқан. 

Ал алдағы айларда жаңа үй бағасы әлі де ай сайын 2-3% өсе беретін сыңайлы. 

Мұны Қазақстандық тұрғын-үй федерациясының президенті Ермек Мүсірепов те растап отыр. Оның айтуынша алдағы уақытта ескі үйлердің бағасы төмендейді, өйткені қалтасы қалыңдар көп емес. Тіпті кейбіреу болжап жүргендей Ресейден көшіп келетіндер көбейсе де. Өйткені олар аз мерзімге келеді, сондықтан тек үй жалдауы мүмкін. Ал инвестиция ретінде сатып алғысы келсе, бізге қарағанда өз нарықтары пайдалырақ. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу