banner

Рақымшылық ету "кешірім беру" деген сөз емес – жаңа Жолдау туралы Евгений Жовтис

2147

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің алғашқы күнгі халыққа Жолдау арнады. 

Рақымшылық ету "кешірім беру" деген сөз емес – жаңа Жолдау туралы Евгений Жовтис

Inbusiness.kz тілшісі ондағы саяси өзгерістерге, қаңтар оқиғасына қатысты кейбір тұстарын құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен талқылап көрді.

– Евгений мырза, президенттің "қаңтар оқиғасында ауыр қылмыс істемегендерге рақымшылық болады" дегені қаншалықты үлкен жаңалық, сізді таңғалдыра алды ма?

– Жоқ, бұл таңғалдырарлық жаңалық болған жоқ. Біріншіден, бұрынғы Жолдауына қарауымыз керек. Онда саяси реформалар туралы айтылғанымен, нақтылық жоқ еді. Қаңтар оқиғасы туралы, сайлау жүйесі туралы да нақты айтылмаған. Президент мырза бүгінгі Жолдауында кейбір сұрақтарға белгілі бір деңгейде жауап берді деуге болады. Дегенмен қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздікті шынымен кім ұйымдастырғанын, кім не нәрсеге кінәлі екенін, адамдар қазасына кім жауап беруі керегін халық әлі түсінбейді. 

Рақымшылық деген кешірім беру емес екенін баса айтқым келеді. Екеуін шатастырмау керек. Кешірім – бұл белгілі бір адамға қатысты басқа рәсім және оны кешірім комиссиясы мен Президент жүзеге асырады. Ал рақымшылық жасау нақты адамдарға емес, қылмыстық заңнаманың белгілі бір баптарына, сондай-ақ азаматтардың белгілі бір санаттарына, мысалы, әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, мүгедектерге, қарттарға және т.б. қатысты. Президент нақты мына адам, мына адам босатылады деп тұрған жоқ. Рақымшылық дегені арқылы тек қылмыс деңгейіне қарай кейбіреулер босатылуы мүмкін екенін ғана меңзейді. Әзірге рақымшылық туралы заң жобасын көріп отырған жоқпын, сондықтан түсініксіз нәрселер баршылық. Президент мырза экстремистік, террористік қылмыс істегендерге жаза жеңілдетілмейді дегенді айтты. Ал қаңтар оқиғасы бойынша тағылған айыптың басым бөлігі осы экстремистік қылмысқа қатысты. Жаппай тәртіпсіздік соған жатады. Мәселе сонда болып тұр. Сонда рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін? Шамамен, ұрлық (Қылмыстық Кодекстiң 188-бабы – "Ұрлық"), мародерлікке қатысқандар ғана ілігетін шығар. Ал наразылыққа қатысқандар ілікпейді немесе оның арасынан әлі де нақтылап айтып қалады.

– Ал президент сайлауы болатыны туралы қандай пікірдесіз? Президент мырза екінші рет сайлауға түсуге тыйым саламыз дей тұра өзі қатысуға ниетті екенін білдірді. Бұған не дейсіз?

– Сайлау дегеніміз дәл халық жаппай барып дауыс беретін күн емес. Ол дауыс беру рәсімі біткеннен кейін келесі күні-ақ, келесі сайлауға дайындық ретінде басталып кетуі керек. Сайлау шын мәнінде ашық, әділ болуы үшін екі сайлау арасында партияларды еркін тіркеуге, науқанды еркін өткізуге, сайлаушылармен еркін байланысуға, биліктегі адаммен еркін пікір таласуға деген секілді көптеген мүмкіндік берілуі керек. Бұл нәрсе президент болғысы келетіндерге, парламент мүшесі болғысы келетіндерге, саяси қайраткер болғысы келетіндерге – бәріне де қатысты. Осындай нәрселерден кейін дауыс беруші қалаған адамын саналы түрде таңдай алады. 

Ал сіз, міне, үш айдан кейін президент сайлауы, келесі жылдың басында парламент сайлауы болады деп едел-жедел жариялай салдыңыз. Онда бұған ешқандай оппозиция қатыса алмайтыны түсінікті. Өйткені қазір ешбір оппозициялық партия тіркеліп үлгермеді. Олар жақтаушыларын жинап, тіркеу рәсімінен өткенше, сайлауды өткізіп тастайды. Бұл деген – оппозицияны шынайы сайлауға өткізбеу технологиясы.

Сонымен бірге президенттікке кандидат бес жыл мемлекеттік қызметте болуға тиіс деген норма қала ма, әлде алып тастай ма – бұл туралы айтпады. Маған осы қызық.

Жалпы сайлау туралы заңға қандай түзетулерді енгізгелі отыр? Әлде осы күйінше қалдыра ма? Конституцияға тағы бір өзгеріс енгізбекші екенін айтты. Яғни президент жеті жыл, тек бір мерзімге сайланады деп өзгертуді ұсынды. Сосын президент қайта қатыса алмайды. Бұл қисынға келетін нәрсе деп ойлаймын. Дегенмен бұдан өзге де мәселелер бар ғой. Әсіресе, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізгені де дұрыс.  

Ал өзінің қайта сайлауға түсуге дайынмын дегені... Біз көп нәрсені жойып, басынан бастағанды жасы көретінімізді білесіз ғой. Солтүстіктегі көршіміз, Путин мырза да бұған дейінгі өзінің мерзімін есептемейміз, бәрін басынан бастаймыз деп еді ғой. Бұл да сол секілді. Екінші рет сайлауға түсемін, біріншімді жоямыз деп тұр. 

Жалпы айтқанда, қаңтар оқиғасы бойынша рақымшылық, президентті тек бір мерзімге сайлау деген секілді позитивті дүниелерді айтты, бірақ көп сұрақтың басын ашық қалдырды. 

– Сот жүйесі тәуелсіз болады дегенді айтты. Бұған дейін, Тоқаев мырзаның айтуынша, құқық қорғау органдары сот төрелігіне ықпал етіп келген. Бұл уәдесі қаншалықты маңызды. 

– Тасқын, сот жүйесі тәуелсіз болуы керек деген сөзді қай уақыттан бері естіп келе жатқанымызды есіңізге түсіріңізші. Меніңше, 25 жылдан бері осыны айтып келеді. Бірде Назарбаев мырза, бірде Тоқаев мырза, бірде басқа адамдар айтқанымен, сот жүйесі тәуелсіз болған жоқ. Сот жүйесі тәуелсіз болуы үшін дұрыс саяси жүйе керек.

Билікті бір қолға шоғырландырмай, бөліп беру керек. Мықты оппозициялық партияларға, БАҚ-қа, азаматтық қоғамға жол ашуы керек. Сосын барып сот жүйесі тәуелсіз болады, судьялардың біліктілігі деген нәрселерді айта аламыз. Әзірге біздің жүйе – авторитарлық жүйе.

– Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыстық істер санатына жатқызу дұрыс емес екенін, дегенмен жаза күшейтілетінін айтты. Құқық қорғаушы ретінде осы ұсынысына пікіріңізді айтып берсеңіз.

– Бұл ұсынысты даусыз қолдаймын. Өзбекстан, Тәжікстандағыдай емес, Қазақстанда әйелдер көбіне еркін. Дегенмен кейбір дәстүрлі жағдайлар кері әсер етеді. Пандемия кезінде ешкім үйден шыға алмағанда отбасылық зорлық-зомбылық фактісі көбейгені белгілі. Көптен бері отбасылық зорлық-зомбылық бойынша заң қабылдауға, еуропалық кеңестің конвенциясына қосылуға тырысқанымен, қарсылыққа ұшыраған. Дегенмен Президент мырзаның бұған назар аударғаны жақсы-ақ. Әйелдер мен балаларды қорғау керек. Зорлықшы жазасыз қалмауға тиіс. 

– Жалпы Жолдауға қатысты тағы алып-қосарыңыз бар ма?

– Әуелі саяси реформа жүйелі, бірізді әрі терең жүргізілгенін қалаймын. Жартылай шаралар, бөлік-бөлік шаралар емес, отыз жылдағы авторитарлық жүйенің мәселелері толық шешімін тапқанын қалаймын. Әрине, аяқ асты сайлау жариялау арқылы, оған мүмкіндік бермейтінін біліп отырмын. Қысқа уақытта басқалардың дайындалып үлгеруі мүмкін емес. Аздаған жұмыс басталды, бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана. 

Конституцияға қайта-қайта түзетулер енгізбей, жаңа Конституция жазып шығу керек деп есептеймін. Онда 1995 жылы саяси мақсатқа негізделе отырып қосылған түзетулерді өзгерту керек. Өркениетте, демократиялы қоғамға солайша қадам басамыз.

– Пікіріңізге рахмет.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу