Шығыс қамданып жатыр

Былтыр 7 бірдей ауданы қарғын судың астында қалған Шығыс Қазақстан биыл да "қызыл аймақта": 76 елді мекенді су басуы мүмкін.

Шығыс қамданып жатыр

Көктем келді дегенше, тасқын  келді дегейсің. Шығыстағы төтенше жағдайлар департаменті қазір осындай ұранмен жұмыс істеп жатыр. Көше-көшені аралап, үйді су алып кетпеу үшін қандай тазалық шараларын жүргізу қажеттігі туралы естелік парақтар таратуда. Мамандар бекер байбалам салып жүрген жоқ. Үкіметтің 12 ақпандағы отырысында ішкі істер министрлігі биыл Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында тасқын қаупі өте жоғары екенін мәлім еткен болатын. Оның үстіне былтырғы көктем бүкіл облысты үрейде ұстап, талай тұрғынды жаз ортасына дейін сарсаңға салғаны есімізде. Кейін тасқыннан келген зардаптарды облыс әкімі Даниал Ахметов 3,2 млрд теңгеден астам деп бағалады.

Оның айтуынша, тасқыннан қатты зардап шеккен 5 аудан мен 2 қалада 1371 үй су астында қалып, 3400 адам көшірілген. Апат салдарын жоюға 3492 адам жұмылдырылған. Ал сын сәтте сылбырлық танытып, жауапсыздық көрсеткен бірнеше лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Соның өзі жергілікті басшыларға айтарлықтай сабақ болмаған тәрізді. Шығыс биыл да тасқынға осал өңірлердің көшін бастап тұр.

Былтырғы жағдайды Даниал Ахметов құтқару қызметінің қажетті жабдық-құралмен толыққанды қаруланбауымен түсіндірген болатын. Ал биыл не деп ақталмақ?

"Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық жабдықталуы өте төмен. Департаментте норматив бойынша болуға тиіс 249 көшпелі мотопомпаның тек 55-і, 69 қайықтың 14-і, 1000 гидрокомбинезонның 86-сы ғана бар. 55 жол талғамайтын көлік болуы тиіс, біреу де жоқ" деген Премьер-министр  Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Әкімнің сөзі жерде қалған жоқ. Үкімет табиғаттан орасан нұқсан келген өңірге қажетті қаржыны бөлген болатын. Төтенше жағдай қызметінің қажетті құралдармен қаншалықты қамтамасыз етіліп жатқанын төмендегі сандардан-ақ білуге болады.

Даниал Ахметовтың айтуынша, облыс бойынша су соратын 249 мотопомпа қажет еді. Биыл қолда бар 55-тің үстіне 110 сорғы алыныпты. Құтқару ісіне 69 қайық қажет болса, биыл 46 жүзу құралы сатып алынған. Оған қолда бар 14 қайықты қоссаңыз, нормаға 9  қайық қана жетпей тұр.  

Құтқарушыларға және апат салдарымен күресетін адамдарға кемінде мың су комбинизон қажет делінген болатын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті биыл 1000 адам тасқынға қарсы күресу үшін іріктеліп, барлық киім-кешекпен қамтылды деген ақпарат таратты. Төтенше жағдай қызметі бәрінен бұрын жол талғамайтын жүрдек техникаға қарық болып отыр. Сұраған 55 техниканың орнына 300 көлік сатып алған екен. Аймақта орман қорының көптігін ескерсек, аталмыш техникалар жазда тыным көрмей, өртке қарсы жұмыс істейді деген сөз. Авиациялық қызметтер қар еру маусымына 10 тікұшақ пен бір шағын ұшақты арнайы бөліп отыр.

"Сұрағанымыздан аз немесе көп берілді деп айтуға келмейді. Бастысы, республикалық бюджеттен де, облыс қазынасынан да қаржы бөлді. Биыл әсіресе әуеден қолдау жолға қойылып отыр. Бұл жұмысты көп жеңілдетеді", – дейді департаменттің баспасөз қызмет басшысы Анастасия Скляр.

Былтыр көктемгі тасқын Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз, Глубокое, Алтай, Шемонаиха аудандары тұрғындарын әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Биыл солардың қатарын Бесқарағай ауданы толықтыру мүмкін. Құдай бетін әрі қылсын дейік. 

Жердің қатып жатқанына қарамастан қазір жер-жерлерде су бөгеттері мен өзендердің жағасы бекемделуде. Беті қалың қатқан өзендерде жуық арада мұз жару шаралары ұйымдастырылмақ.

"Қардың қалыңдығы жылдық мөлшерден асып кеткен. Синоптиктер әлі де қар жауады деп отыр. Тек топырақтың тоңы былтырғыдай терең емес. Тасқын қаупі 76 елді мекенде сақталады. Алдын алу шараларының арқасында 14 елді мекеннің дайындығы тас-түйін деңгейге жетті. 12 елді мекенде қауіп деңгейі бәсеңдетілді", – дейді Анастасия Скляр. Облыс бойынша осы дайындықтарды пысықтайтын 6 жедел топ құрылған.

Азаматтық қорғаныс саласына қатысы бар қызметтердің барлығы осылайша аяғына тік тұрып жатқанда, жергілікті ғалымдар мәселені шешудің ғылыми жолын ұсынды. Олар Шығыста көктем сайын арнасынан асып, үйлер мен жолдарға жайылатын бірнеше өзен бар екенін анықтапты. 

Үлбі, Үбе, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Аягөз, Базар, Ұлан, Аблакет, Қызылсу, Шаған, Нарын, Глубочанка өзендері мен Ертістің бірнеше алабы тасқынға бейім су арналары ретінде тіркелген.  Ғалымдар осы өзендердің жағдайын дрон арқылы қадағалап отыруды ұсынады. Олар дрон әкелген мәліметтер арқылы мониторниг жүргізіп, қай өзенде су қоры қанша екенін, оның қай кезеңде арнасынан асатынын нақты болжамақ.

"Қолымызда ұшқышсыз апараттар мен жедел метеостанса бар. Ғарыштан мультспектралды  түсірілімдерді алуға да мүмкіндік жетеді. Ол түсірілімдер жердің тоңы мен қар қалыңдығын 90-30 метрге дейін нақты айқындай алады.  Жоба 2019-2021 жылдарға арналған. Сол уақыттың ішінде біз ШҚО жер бедерінің үлкейтілген масштабтағы цифрлық картасын жасап шығаруымыз керек. Су қоймаларының жағдайын да ғалымдар бақылауға алмақ", – дейді жоба жетекшілерінің бірі Олег Гавриленко.

Аталмыш жоба Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында жүзеге асады. Әзірге оған облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті, "Қазгидромет" мекемесі мен Өскемендегі су электр стансасының басшылығы қызығушылық танытып отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы, ШҚО

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу