Сирия үкіметі жер сілкінісі салдарымен күресуде өз күштеріне сенуде

1294

Жұма күні Сирия Үкіметі елдегі жер сілкінісі салдарымен байланысты төтенше әрекеттер жоспарының аясында қабылданған бірқатар іс-шараны жария етті.

Сирия үкіметі жер сілкінісі салдарымен күресуде өз күштеріне сенуде

Өз күштеріне сенуде

Алеппо өлкесі Сирия даму қорымен бірлесіп, жер сілкінісі салдарынан отбасынан айырылып қалған балаларды қабылдау үшін орын бөле бастады. Ал Сирияның бірқатар өңірі зілзаладан қатты зардап шеккен аудандарға көмек жөнелтуде. Айталық, Хомс пен Дейр аз-Зор өлкелері Латакия, Алеппо және Хама өлкелерінде зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек, медициналық заттар мен азық-түлік түрлері тонналап тиелген автокөліктер легін жіберді. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететін топтың жасақталатынын мәлімдеді.

Бұған қоса, Сирияның Орталық банкі жерасты дүмпуі салдарынан туындаған бірегей жағдай ретінде барлық банкке, ақша айырбастау орындары мен ақша аударымын жүзеге асыратын өзге де компанияларға жұма мен сенбі күндері де бөлімшелерін ашуға рұқсат берді. Әдетте Таяу Шығыс елдерінің басым бөлігінде бұл күндер демалыс саналады.

Сонымен қатар Сирия Министрлер кеңесі Алеппо, Латакия, Хама және Идлиб өлкелерін жер сілкінісі салдарынан апат аймағы деп жариялады.

Сирия Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Үкімет бақылауындағы аумақтарда сілкініс салдарынан 1 347 адам мерт болып, 2 295 адам жарақат алған. Ал Үкімет бақылауына жатпайтын Сирияның солтүстік-батыс аумағында қаза тапқандар 2 037 адамға жетіп, 2 950 адамның жаралғаны белгілі. Осылайша, Сирия бойынша жер сілкінісінен 3 384 адам мерт болып, 5 245 адам жарақаттанған.

10 ақпан күні Сирия президенті Башар Асад Алепподағы аль-Машарек ауданына барып, жараланғандарды табу үшін үйінділер мен қирандыларды тазартып жатқан құтқару командасының жұмысымен танысты. Бұл жайында Президент кеңсесі ресми хабарлама таратты. Сондай-ақ ол жұбайы Асма Асадпен бірге Алеппо университетінің аруханасында жатқан жаралы тұрғындарға да барған.

Халықаралық көмек жеткізілуде

Сирия әуежайына бортында гуманитарлық жүк тиелген ұшақтар үздіксіз келіп жатыр. Елдің Көлік министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісі орын алған сәттен бері Дамаск, Алеппо және Латакия қалаларының әуежайларына түрлі көмек артылған 40 ұшақ ұшып келген. Көмек көрсеткен елдердің арасында Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Алжир, Тунис, Иордания, Мысыр, Армения, Ресей, Оман, Үндістан, Ливия, Пәкістан және Венесуэла елдері бар. Мұнан бөлек Сириямен көршілес Ирак пен Иордания Араб республикасына жерүсті көлігімен гуманитарлық жүк тиелген колонна жіберді.

Қазақстан да Сирия еліне көмек көрсетуден тыс қалған жоқ. 9 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды. Ал кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды.

Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек. 10 ақпан күні бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып кетті.

Бейсенбі күні Америка Құрама Штаттары Түркия мен Сирияға 85 млн доллар мөлшерінде бастапқы шұғыл көмек топтасы берілетінін жария етті. АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі таратқан мәлімдемеде қаржы миллиондаған адамға қажетті жедел көмек көрсету, тамақпен, баспанамен және шұғыл медициналық көмекпен қамту үшін Сириядағы серіктестерге жіберілетіндігі айтылған.

Қатар билігі болса таяуда өткен футболдан әлем чемпионатынан түскен кірісінің бәрін табиғи апаттан зардап шеккен Түркия мен Сирияға беретіндігін мәлім етті. Мұндай хабарды түрік бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр.

Санкциялар уақытша тоқтатылады

АҚШ-тың Қаржы министрлігіне қарасты шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сирияға қарсы санкцияны 180 күнге жеңілдету туралы қаулы қабылдады. Ведомство мәлімдеуінше, 2023 жылдың 8 тамызына дейін жер сілкінісі салдарын жоюмен байланысты қызмет түрлері санкциядан шығарылады. Бұл жеке тұлғаларға гуманитарлық көмек көрсету үшін Сириядан және Сирияға қаражат аударуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Сирияның Сыртқы істер министрлігі мен Үкіметтің ресми тұлғалары елден санкцияны алуға шақырып, іздеу операциялары үшін, тіпті арнаулы техникаларды да жеткізе алмай отырғандықтарын айтқан болатын.

Босқындардың жағдайы күрделене түсуде

Оппозициялық топтардың қоластындағы Сирияның солтүстік-батыс аудандарына көмек жеткізу өте күрделі болып тұр.

Al-Jazeera агенттігінің хабарлауынша, Сирияның ең қатты зардап шеккен аудандарының бірі Джиндиресте тұрғындар үйінділер астында тірі қалған отандастарын іздеу үшін қирандыларды қолдарымен тазартып жатыр. Осыған байланысты халықаралық көмек сұрап отыр.

Бейсенбі күні БҰҰ-ның халықаралық көмегі тиелген жүк көліктерінің бірінші колоннасы Түркиядан шығып, "Баб аль-Хава" шекара өткелін кесіп өтті және елдің солтүстік-батысындағы Идлиб өлкесіне бет алды. Жұма күні 14 жүк көлігінен тұратын дәл осындай тағы бір колонна Идлибке жетті.

Айта кетерлігі, "Баб аль-Хава" шекара өткелі Сирияның солтүстік-батыс аумағында рұқсат етілген жалғыз көлік дәлізі саналады. Қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі дәл осы өткелді аса маңызды жүктерді жеткізу үшін 6 айға ашық қалдыруға бірауыздан дауыс берген болатын.

Мұның үстіне Аси өзені бөгеті бұзылып, жағаға шыққан су Идлиб өлкесіндегі бірнеше үйді басып қалған болатын.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, Сирияның солтүстік-батысында 224 ғимарат қирап, 325-і бүлінген. Идлиб тұрғындарының басым бөлігі – азаматтық соғыс салдарынан Сирияның басқа аудандарынан көшіп келгендер және палаткалар мен уақытша үйлерде тұрып жатқан адамдар.

БҰҰ-ның Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы жұма күні ұйымның Сирияның солтүстік-батысындағы қоры таусылуға жақын екенін, сондықтан Түркиямен арадағы шекаралық өткелдердің көпшілігін ашу қажеттігін мәлімдеген еді.

"Сирияның халықтың 90 пайызы тұратын солтүстік-батыс бөлігі гуманитарлық көмекке тәуелді әрі қатты алаңдаушылық тудырады. Біз адамдарды ол жаққа жеткіздік. Бірақ, бізге қорымызды толықтыру қажет", - деді БҰҰ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының өңірлік директоры Коринн Флейшер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу