Тактикалық ядролық қару дегеніміз не, Ресейдің оған қатысты саясаты қандай?

2409

Путин Беларусь жеріне атомдық арсенал орналастыратынын жариялады. 

Тактикалық ядролық қару дегеніміз не, Ресейдің оған қатысты саясаты қандай? Фото: yandex.kz

Ресей көрші Беларусь аумағында тактикалық ядролық қару (ТЯҚ) орналастыра алады. Өйткені бұл туралы келісімі бар. Мұны сенбі күні президент Владимир Путин мәлімдеп, атомдық арсеналды таратпау туралы пәтуаны  бұзбауға уәде берді. Бұл неткен қару және оған қатысты Ресейдің саясаты қандай?

Не алаңдатады?

Америка Құрама Штаттары 1962 жылғы Куба зымыран дағдарысынан бері әлем ең ауыр ядролық қауіпке душар болып отыр деп есептейді. Вашингтонның бұлай деуіне Путиннің Украинадағы қақтығыс кезінде айтқан сөздері себепші. Бірақ Мәскеу өзінің бұл мәселеге қатысты ұстанымы жансақ  түсіндірілді деген пікірде.

Путин мен Ресейдің өзге саясаткерлері қорғаныста бар арсеналын пайдалануға дайын екенін ескерткеннен кейін, Киев пен оның батыстық одақтастары Мәскеу тактикалық ядролық қаруды шайқаста қолдануы мүмкін деп алаңдап отыр.

Тактикалық ядролық қару дегеніміз не?

Академиктер мен қару-жарақты бақылау жөніндегі келіссөзшілер тактикалық ядролық қаруды қалай анықтау керектігі туралы талай жылдан бері дауласып келеді. Дегенмен, оның мағынасы атауында жатыр: мұндай қару Америка Құрама Штаттарының немесе Ресейдің ең үлкен қалаларын қирату үшін емес, ұрыс даласында нақты тактикалық табыстарға қол жеткізу үшін қолданылады.

Ресейде қанша ТЯҚ-тың барын аз ғана адам біледі. Өйткені бұл мемлекет әлі де "қырғи-қабақ" соғыс құпиясының дәстүрлерімен өмір сүріп жатыр.

Ресей ТЯҚ –тың саны жағынан АҚШ пен НАТО трансатлантикалық әскери альянсынан бірнеше мәрте басым болып тұр. Америка Құрама Штаттарына сенсек, қазір Ресей 2000-ға жуық, яғни, Вашингтондікінен он есе көп тактикалық оқтұмсыққа ие.

Бұл оқтұмсықтарды түрлі ракеталармен, торпедалармен, теңіз, әуе немесе жердегі күштердің гравитациялық бомбаларына салып жеткізуге болады. Сонымен қатар, оларды тіпті жай ғана аумаққа кіргізіп, жарып жіберу тәсілі де қолданылады.

Құрама Штаттарда осындай 200-ге жуық қару бар. Оның жартысы -Еуропадағы базаларда. Қуаттылығы 0,3-тен 170 килотоннаға баратын B61 ядролық бомбалары бүгінде Италия, Германия, Түркия, Бельгия және Нидерландыдағы алты әуе базасында орналастырылған.

Салыстырып көрсек, 1945 жылы АҚШ Жапонияның Хиросима қаласына тастаған атом бомбасы шамамен 15 килотонна болды.

Ресейде мұндай қаруды қолдануға кім бұйрық береді?

Президент – Ресейдің ядролық доктринасына сәйкес стратегиялық және стратегиялық емес ядролық қаруды қолдану туралы шешім қабылдайтын шешуші тұлға.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған кезде Ресейде шамамен 22 000 тактикалық ядролық қару болса, Америка Құрама Штаттарында олардың саны 11 500-ден аспады. Бұл арсеналдың көпшілігі бөлшектелген немесе әрі қарай демонтаждау жоспарында тұр.

Қалғандары қорғаныс министріне тікелей бағынышты Игорь Колесников жетекшілік ететін 12-ші Бас басқарма бақылауындағы кемінде 30 әскери база мен шахталарда сақтаулы.

ТЯҚ-ты жеткізу құралдарымен біріктіріп, соққыға дайындау туралы бас штабқа бұйрық бермес бұрын, Путин Ресей Қауіпсіздік Кеңесіндегі жоғары лауазымды одақтастарымен кеңесуі мүмкін.

АҚШ-тың бұған жауабын болжау қиын. Сондықтан Ресейдің бүкіл ядролық ұстанымы өзгереді: сүңгуір қайықтар теңізге шығады, зымырандық күштер толық әзірлік режиміне көшіріліп, стратегиялық бомбалаушы ұшақтар базалардан дереу ұшып кетуге дайын болады.

Ядролық қару қайда орнатылды?

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, АҚШ әкімшілігі Беларусь, Украина және Қазақстан жерінде орналасқан советтік ядролық қаруды КСРО-ның атомдық арсеналын мұраға алған Ресейге қайтару үшін орасан зор күш-жігер жұмсады.

Бұл қару-жарақ 1990 жылдардың басында Мәскеуге қайтарылғаннан бері Ресей өз шекарасынан тыс жерге жаппай-қырып жоятын қару орналастыратынын жариялаған жоқ.

Дегенмен, Путин  Беларусьпен жасалған келісім ядролық қаруды таратпау туралы келісімдерге қайшы келмейтінін мәлімдеп отыр.

Кеңес Одағы да қол қойған Ядролық қаруды таратпау туралы шартта ешбір ядролық держава ядролық қаруды немесе технологияны ядролық емес мемлекетке бере алмағанымен, оны өз шекарасынан тыс жерде орналастырып, бақылауы мүмкін. Мысалы, АҚШ Еуропадағы ядролық қаруын бүгінде солай қадағалап отыр.

Путин не деді?

"Біздің (Беларусь президенті) Александр Григорьевич Лукашенкомен келіссөз жүргізуімізге Ұлыбритания Қорғаныс министрі орынбасарының Украинаға ураны әлсіреген оқ-дәрі жеткізетіндігі туралы мәлімдемесі себеп болды. Бұның да белгілі бір деңгейде ядролық технологияға қатысы бар. Александр Григорьевич болса, Беларусь аумағында ресейлік тактикалық ядролық қаруды шоғырландыру мәселесін көптен бері көтеріп келеді. Бұл жерде де ерекше ештеңе жоқ: біріншіден, Америка Құрама Штаттары мұндай әрекетке  ондаған жылдар бұрын барып, өздерінің тактикалық ядролық қаруын баяғыда-ақ одақтас елдердің, НАТО-ның, Еуропаның алты мемлекетінің жеріне орналастырып қойған".

Украина мен Батыстың жауабы

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Алексей Данилов "Твиттерде" мәлімдегендей, Лукашенконың РФ ядролық қаруын қабылдау туралы шешімі "Беларусь қоғамында Ресей мен Путинді жақтырмайтындарды барынша көбейтіп, елді Кремльдің ядролық кепіліне түсіреді".

Вашингтон болса, Батыстың Украинадағы соғыста ядролық қару қолдану мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылықты жоққа шығарды.

"Біз өзіміздің стратегиялық ядролық ұстанымымызды өзгертуге қандайда бір себепті немесе Ресейдің ядролық қаруды қолдануға дайындалып жатқанын көріп отырған жоқпыз",– деді АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдерінің бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Айта кетсек, Путинді алаңдатқан ураны әлсіреген немесе таусылған снарядтар - ядролық реакциясыз және олар радиациялық сәулені өте төмен деңгейде таратады. Бұл қаруды америкалықтар "қырғи-қабақ" соғыс жылдарында Совет одағының Т-72 тәрізді танктерін (қазір Украинаның шығысында қолданылып жатқан) жою үшін жасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу