Тақыр жерге тұрғызылған агроқалашық

3110

"ҚазАгро"-ның қолдауымен еңсе тіктеп келеді.

Тақыр жерге тұрғызылған агроқалашық

Павлодар облысының Железин ауданындағы "Пахарь" шаруа қожалығының агроқалашығы бүгінде өңірдегі ерекше орындардың қатарына қосылды. Тақыр жерге тұрғызылған агроқалашыққа аяқ басқан адам құдды бір Еуропа елдерінде жүргендей күй кешеді. Өйткені мұндағы құрылыстың бәрі еуропалық үлгімен салынған. Сол себепті аталған агроқалашық облысқа келген лауазымды тұлғалардың, біздің өңірмен жақын танысқысы келген адамдардың міндетті түрде аралап, арнайы атбасын бұрар орнына айналған. Осы шаруашылықтың аяқтан тұруына "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның қосқан үлесі зор.

"ҚазАгроҚаржы" былтыр павлодарлық 130-дан астам шаруа қожалығына қолдау көрсеткен екен. Солардың қатарында "Пахарь" серіктестігі де бар.

"Пахарь" – төрт бағытта бірдей жұмыс істейтін ірі инвестициялық жоба. Біріншіден, мұнда суару жүйесін қолдану арқылы ашық топырақта көкөніс өндіріледі. Екіншіден, сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы бар. Үшіншіден, асыл тұқымды 1 200 бас ірі қара малға арналған репродуктор құрылған. Төртіншіден, агроқалашықта 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылған.  

Агроқалашықтың басшысы Руслан Аушевтің айтуынша, соңғы жобаны жүзеге асыруда "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның тигізген көмегі көп. Акционерлік қоғамның қолдауымен кәсіпорын тауарлы-сүт фермасына қажетті технологиялық жабдықтарды, асыл тұқымды ірі қара малды, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Ферманың іске қосылуымен агроқалашықтағы жұмысшылардың саны 60 адамға артты.

"ҚазАгро" холдингінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, "ҚазАгроҚаржы" компаниясы 2001-2017 жылдары Павлодар облысының агроөнеркәсіп секторының дамуына 34,1 млрд теңге инвестиция тартқан екен. Атап айтқанда, 22,5 млрд теңгеге 2 334 техника сатып алынған. Сондай-ақ, 13,9 млрд теңгеге 43 инвестициялық жоба қаржыландырылған. 1370 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның тікелей қолдауымен өңірде сыйымдылығы 68 300 тонна болатын 8 көкөніс қоймасы, 5 тауарлы-сүт фермасы, 6 бордақылау алаңы іске қосылған.

2017 жылы "ҚазАгро" холдингі Павлодар облысындағы агроөнеркәсіп секторының дамуына 10,1 млрд теңге бағыттады. Жалпы, былтыр республика бойынша аталған саланы қаржыландыруға 226 млрд теңге жұмсалған.

Өткен жылы холдингтің несиелік ресурстары 3 мыңнан астам павлодарлықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Ал республика бойынша 62,8 мың адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінде Павлодар облысы бойынша холдингтің инвестициялық портфелінде 22,7 млрд теңгенің 46 жобасы бар. Олардың іске қосылуымен 1619 жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі уақытта 18,3 млрд теңгенің 42 жобасы іске қосылып, 1539 жұмыс орны пайда болды.

Сонымен қатар 2017 жылы өңірдегі 12 несие серіктестігі 2,4 млрд теңге көлеміндегі қаржыға ие болды. 3 млрд теңгеге 163 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға келісімшарт жасалды. Былтыр 2,1 млрд теңгеге 480 шағын несие рәсімделген.

Руслан Аушевтің сөзінше, қыс әлі аяқталмаса да агроқалашықтың қызметкерлері көктемгі дала жұмыстарына тиісті дайындықты бастап кеткен. Осы орайда атар өтерлігі, биыл көктемгі дала жұмыстарына республикалық бюджеттен 60 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Қарастырылған қаржы агроөнеркәсіп субъектілерінің айналым қаржысын толтыруға, өсімдік өнімдерін сатып алуға аванстық төлем жасап, көктемгі және егістік жұмыстарын жүзеге асыруға бағытталған. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер, тікелей несиелендіру және несие серіктестіктерімен микроқаржы ұйымдары арқылы қамтамасыз етіледі.

2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Аграрлық несие корпорациясы АҚ-ы шаруа қожалықтарынан көктемгі және егістік жұмыстарына өтініштерді қабылдай бастады. Қазіргі таңда көктемгі және егістік жұмыстарына арналған "Кең дала" бағдарламасы бойынша фермерлер несие алуда. Бүгінде 247 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 29 млрд теңгеге өтініш берген.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу