Жамбылдық балық өңдеушілер шикізат жағынан өзге өңірлерге тәуелді

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4544

Меркі балық өңдеу зауытына шикізаттың 70%-ы Арал теңізі, Балқаш пен Зайсан көлдерінен жеткізіледі.

Жамбылдық балық өңдеушілер шикізат жағынан өзге өңірлерге тәуелді Фото: liter.kz

Жамбыл облысының табиғи климаты балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Облыста 14,0 мың гектардан аса су айдындары мен 2,0 мың  шақырымнан аса ұзындықты құрайтын үлкенді-кішілі өзендер бар. Олардың қатарында көлемі 8160 гектарды құрайтын Тасөткел су қоймасы, 5160 гектарды құрайтын Билікөл су айдыны және ұзындығы 1200 шақырымдық Шу өзені, 444 шақырымдық Талас өзені, 205 шақырым Аса өзені бар. Ал осы өзен-суларда мөңке, тұқы, сазан, шортан, қызылқанат, жыланбас, шармай, аққайран, торта, балық түрлерімен қатар ақамур, көксерке, дөңмаңдай, сияқты балық түрлері кездеседі.

Алайда, бұл балық түрлері мен оның көлемі көлдерде аз мөлшерде. Соның салдарынан жамбылдық балықшылар халықтың сұранысын қанағаттандырып отырған жоқ.

"Жергілікті жұртшылықтың балық және балық өнімдеріне қажеттілігін қанағаттандыру үшін тауарлық балық өсіруді, оны аулауды 16,281 мың тоннадан асыруымыз қажет. Ал бізде ауланатын балық 1100 тоннаны ғана құрайды", – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев те жамбылдықтардың жейтін және аулайтын балықтарының арасында айтарлықтай алшақтықтың бар екенін айтады. Демек, тұтынылатын балықтың басқа мөлшері өзге облыстардан жеткізіледі деген сөз. Сондай-ақ, Меркі балық өңдеу зауытының басшысы Елшібек Ниязов та кәсіпорынға шикізатты басқа облыстардан сатып алатынын айтады. Балықтың сазан, шортан, жыланбас, табан, көксерке түрлерінен филе, фарш, консерві сынды  бірнеше өнім түрі шығарылатын бұл зауытқа шикізаттың 70 пайызы Арал теңізінен, сондай-ақ, Балқаш пен Зайсаннан жеткізіледі екен.

Бұл мәселе – суы мол жамбылдық балықшылар, балық бизнесінің басы-қасында жүргендер үшін үлкен сын.

Облыстағы  115 су айдынының 96-сы балық шаруашылығын дамыту мақсатында шаруаларға бекітіліп берілген. Олар онда балықты аулау, қорғау, өсіру, молайту, өңдеу сынды жұмыстарды жүргізе отырып, облыс экономикасына өз үлестерін қосулары керек. Алайда, алған міндеттерін дұрыс орындамай, көлдегі бар балықты сарқып алып, оны мемлекет меншігіне қайтарып беріп жатқан шаруалар да жоқ емес. Жамбылдағы 18 су айдыны дәл солай қайтарылған. Бақылаушы орган тарапынан ондай азаматтарға тиісті айыппұлдар салынғанымен, кәсіпкерлердің тапқан пайдасы айыппұл көлемін артығымен жабатыны айтпаса да белгілі емес пе?!

Әлбетте, таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұл арада да мәселенің тағы бір шеті қылаң береді. Кей жағдайда көліне балық толтырып, шаруасын шалқыта бастаған азаматтың кәсібіне көз салып, оның ісін тартып алуға бекінетіндер де табылады екен. Мұндай жағдайды бастан өткерген Талас ауданындағы Ақкөл су қоймасын ұзақ жылға жалға алған Ақынбек Бектай ашық айтқан болатын. Оның сөзінше, балықтан байлық жасап отырған адам өз еркімен нәсібесінен бас тарта қоймайды. Оған ықпалды адамдардың "ықыласы" түспесе. 

Әлбетте, балық бизнесі туралы сөз қозғағанда оның сұранысқа ие, халықтың көп тұтынатын түрлеріне көңіл бөлмей кетуге болмас. Бұл орайда еті тығыз көксеркенің Жамбылдың су айдындарындағы үлесі 15 пайыз ғана екен. Ал ақмарқа, шортан, алабұға секілді тауарлы балықтардың үлесі 1 пайызға да жетпейтін көрінеді. Демек, әлгі өзен-көл иелері өз қаржыларына арнайы тәлімбақтардан аталған балық түрлерінің шабақтары мен дернәсілдерін сатып алып, суға жіберулері керек. Өйткені, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, балықтың бір аналық басы 200-ден 2 миллион данаға дейін уылдырық шашып, осы шашылған уылдырықтардың жыртқыш балықтар мен басқа да зиянкестердің келтірер әсерінен табиғи ортада балық өскіні болып өсіп жетілуі 1 пайызды ғана құрайды екен. Ал балық өсіру тәлімбақтарында қолдан өсіріп, жасанды жолмен көбейту аналық бастардың шашқан уылдырықтарының балық өскіні болып өсіп жетілуімен салыстырғанда 10-12 пайызды құрайды екен. Ал кәсіпкерлер бұл салаға да мемлекет тарапынан арнайы квота бөлінсе іс ілгері басатын еді деген уәждерін айтады.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу