"Жасыл ипотекамен" қалай үй алуға болады?

Жоба бар, бірақ оның талаптарына сай келетін баспаналар жоқтың қасы. 

"Жасыл ипотекамен" қалай үй алуға болады? Фото: yandex.kz

2023 жылдан бастап Қазақстанда "жасыл ипотека" іске қосылды. Жоба бойынша ұсынылатын пәтерлер экологиялық таза материалдардан, суды үнемдейтін технологиялар және қоқыс шығару жүйесімен салынуға тиіс. Сонымен қатар тұрғын үй аумағы көгалдандырылған болуы шарт. Алайда жобаны іске қосу бір бөлек, оған сәйкес келетін "жасыл" нысандар табу бір бөлек әңгіме. 

Елімізде өткен жылдың басынан бері "жасыл ипотека" мен "жасыл құрылыс" тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Жаһандық дәрежеде бұл жаңалық емес: қазір 130-дан астам елде "жасыл" ғимараттар бар. Қазірдің өзінде 100 000-нан астам ғимарат салынды. Бұл шамамен 1 млрд шаршы метр тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік. Оған қоса әлеуметтік нысандар да бой көтерді.

Елімізде жоба талаптарына сай келетін жалғыз тұрғын үй кешені бар

Қазақстанда "жасыл құрылыс компаниясы" атану үшін құрылыс салушыда OMIR, GOST R, BREEAM немесе LEED сертификаттары болуы керек.

Әзірге елімізде жоба талаптарына сай келетін, OMIR сертификаты бойынша салынған тек бір ғана ғимарат бар. Ол Астанадағы "Гранд Виктория" тұрғын үй кешені. Нысан 44-тен 120 шаршы метрге дейінгі 1040 пәтерлік 4 тоғыз қабатты үйден тұрады. Бағасына келер болсақ:

1 бөлмелі пәтерлер: 18 522 000 теңгеден (44,1 ш.м.) 20 863 300 теңгеге (44,39 ш.м.);

2 бөлмелі пәтерлер: 25 664 000 теңгеден (64,16 ш.м.) 33 940 150 теңгеге дейін (76,27 ш.м);

3 бөлмелі пәтерлер: 33 044 700 теңгеден (84,73 ш.м.) 40 713 200 теңгеге дейін (92,53 ш.м.);

4 бөлмелі пәтерлер: 47 026 200 теңгеден (120,58 ш.м.) 52 012 800 теңгеге дейін (120,96 ш.м.).

"Жасыл ипотека" бойынша алғашқы ипотека қашан рәсімделді?

"Несие беру бағдарламасы 4 қаңтарда басталды. Қазір 20-ға жуық өтініш түсіп, 4 несие мақұлданды. "Жасыл ипотека" бойынша алғашқы мәміле 19 қаңтарда жасалды. Біз небәрі 10 жұмыс күнінде ипотека бердік. Пәтерді көп балалы отбасы сатып алды, олар бізден алғаш рет ипотекаға алып тұрған жоқ. Олар бастапқы жарна ретінде пәтер бағасының 20%-ын құйған", – дейді "Отбасы банкі" Орталық филиалы кәсіпкерлікті дамыту бөлімі басшысының орынбасары Меруерт Ахметуллина.

Бұл ретте несие 35 млн теңгеге дейінгі соманы құрауы тиіс. Ал асып кеткен қаржыны борышкер бөлек төлейді. Несие мөлшерлемесі 12,5%. 

"Пайыздық мөлшерлеме алғашқы 10 жылда ғана есептеледі. Осы уақытқа дейін борышкер екі бағытта төлем жасайды. Оның бір бөлігі несиені өтеуге, ал екіншісі – депозитті толықтыруға. Депозит бойынша бастапқы жарна сомасы 20%-дан 50%-ға дейін жинақталғанда, борышкер тұрғын үй несиесіне ауысады. Жинақ шотындағы ақша несиені өтеуге жұмсалады, ал несие мөлшерлемесі есептік көрсеткішке байланысты 3,5%-дан 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін", – деп атап өтті Меруерт Ахметуллина.

"Жасыл" ипотека" 18-ден 65 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтарға беріледі. Бірақ қарыз алушы кірісі бойынша талаптарға сай болуы тиіс.

Атап айтқанда, несие бойынша төлем табысының 60%-нан аспауы керек. Сондықтан ипотека рәсімдемес бұрын, барлық тұтынушылық несиелерді өтеу маңызды.

"Жасыл ипотека" маркетингтік қадам ба?

Қазір сәнге айналған "жасыл" сөзі экологиялық таза, ысырапқа жол бермеу, табиғатты қорғау түсініктерімен ұштасады. Ал құрылыс саласында мұндай нысандарға нақты қандай талаптар қойылады?

  • Біріншіден, құрылыс компаниясы энергияны үнемдейтін материалдар пайдалануы керек.
  • Екіншіден, экологиялық таза материалдарды (мысалы, ағаш немесе тіпті қайта өңделген материалдар сияқты табиғи материалдарды) қолдануы шарт.
  • Үшіншіден, құрылыс компаниясы тек қауіпсіз материалдарды пайдалануы маңызды.
  • Төртіншіден, бұл нысандарда жылуды, электр энергиясын, суды және газды үнемдеуге мүмкіндік беретін инженерлік жүйелерді орнатылуы керек (мысалы, шағын жаңартылатын энергия көздерін орнатуға болады: фотоэлектр, күн коллекторлары, жылу сорғылары).

"Суды үнемдейтін техникалық құралдарды орнату керек, ал ең дұрысы - техникалық қажеттіліктер үшін суды қайта пайдалану және жаңбыр суын жинау технологиялары, мысалы, маңайдағы аумақтарды суару үшін", - деп түсіндіреді Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесінің атқарушы директоры Александр Белый.

"Отбасы Банкі" құрылыс компанияларымен жасыл ипотекалық келісімдер жасасып, тұрғын үй несиелерін рәсімдеуге дайын. Тіпті жобаға 10 млрд теңге бөліп отыр. Бірақ бұл ретте құрылыс компанияларына OMIR, GOST R, BREEAM немесе LEED сертификаттарын алу оңай шаруа болмай шықты.

Яғни, әрбір талап бойынша компанияда мұны растайтын құжаттар тізімі болуы керек. Энергия тиімділігі, су мен жылуды тұтыну, ауа сапасы, жарықтандыру, қауіпсіздік және т.б.

Әрбір құжатты мамандар жіті тексереді. Бұл процедура қатаң түрде ресімделеді және сапа жағынан толық бақыланады.

Қазір Астана, Алматы қалалары мен Алматы облыстарынан, Өскемен, Семей, Ақтөбе және басқа да бірқатар облыстардан нысандарды сертификаттауға 30-ға жуық өтініш келіп түскен. Демек алдағы жылы "жасыл" тұрғын үйлер саны артуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу