Жеңіл өнеркәсіп саласына бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарады

8460

Бюджеттен 2020 жылы 3,6 млрд, 2021 жылы 3,3 млрд теңге ғана бөлінеді. 

Жеңіл өнеркәсіп саласына бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық бағдарламасында жеңіл өнеркәсіпті дамытуға тиісінше көңіл бөлінбеген. Ал 2019-2021 жылдарға арналған бюджетте бұл мақсатқа мардымсыз қаржы қарастырылған. Үкімет те жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілетуге мүдделі емес сияқты.

Мысалы 2018 жылы елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 1650 кәсіпорын тіркелген, оның 989-ы ғана нақты іспен айналысқан. Бұлардың 949 -ы шағын, 28 -і орта, 12 -сі ірі кәсіпорын болған. Олардың өндіріс көлемі жылына 70-90 млн теңгені құраған. Бір кәсіпорын орта есеппен алғанда бір жылда 100 мың теңгенің ғана өнімін өндірген.

Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға 4,1 млрд теңге бөлінеді. 2020 жылы бұл сомма 3,6 млрд, 2021 жылы 3,3 млрд теңге қысқарады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылымында 3 қызметкер жеңіл өнеркәсіпке қатысты ақпарат жинайды. Бұл еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытумен ешкім айналысып отырған жоқ деген сөз.

Қазір қойдың бір келі жүні 150 теңге тұрады. Мұндай бағаға ешкім шикізат жинамайды. Салдарынан біз жүнді жағатын, жерге көметін немесе сарайларды жылыту үшін қолданатын деңгейге жеттік.

Қазақстанда Атырау облысынан басқа аймақтардағы жүн өңдейтін кәсіпорындар шикізаттың 10-12%-ын ғана игереді. Елімізде Атыраулық "Каспий Лана Атырау" фабрикасы ғана 4 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Фабрика 350 тонна қой, 100 тонна түйе жүнін өңдеп, итальяндық технологиямен жоғары сапалы өнім өндіреді.

Бір кездері еліміздің мақтанышы болған қаракүл қойының өсімі де назардан тыс қалып отыр. Негізі қаракүл қойына инвестиция құю қажет. Мұны атам қазақ: "Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір" деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп кеткен.

Бізде түбіт пен жүнге, қауырсын мен мамыққа да сұраныс жоқ.

Кезінде атағы дүркіреп, жүздеген тауар түрін шығарған Алматы мен Шымкентегі мақта-қағаз, Өскемендегі жібек, Қостанайдағы мәуіті-шұға комбинаттарын, Жамбыл аяқ киім фабрикасын және басқа да кәсіпорындары өлместік күнін кешіп отыр. Жеке кәсіпкерлер қанша тырысса да, оларға комбинат, фабрика, сервис орталығы сияқты базалық кәсіпорын қажет. Мұндай кәсіпорындар тұрғындарды жұмыспен және халық тұтынатын тауармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Бір кездері Көкшетауда, үйде орналасқан фабрика 1300 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыды. Осы жерде тігілген астарсыз былғары қолғапты ССР-дың барлық мұнайшылары мен балықшылары киді.

Халық тұтынатын тауардың импортқа тәуелділігінен құтылу үшін кез келген ел жеңіл өнеркәсібінің жүгін жеңілдетуге тиіс. Өкініштісі біздің елде бұлай болмай тұр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу