"ҚазМұнайГаз" уақытша жомарттық жасады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7633

Мамыр айынан бастап ірі компанияның жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин бағасы арзандады. 

"ҚазМұнайГаз" уақытша жомарттық жасады

"ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС көлік иелеріне дәл осындай кеңшілік жасап отыр. Бірақ серіктестіктің туған күніне орайластырылған бұл акция мамыр айымен ғана шектелмек. Яғни компания АИ-95 және АИ-92 маркалы бензиннің бағасын уақытша ғана төмендетіп отыр.

Компанияның таратқан ақпаратына сүйенсек, 1 мамырдан бастап АИ-95 маркалы бензиннің бағасы бірден 10 теңгеге – литріне 169 теңгеге дейін арзандады. Ал АИ-92-нің 1 литрі мамыр айында 158 теңгені құрайтын болды.

Атап өтерлігі, бүгінде Қазақстан бойынша бөлшек сауда желісінде 340-тан астам "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай құю станциялары жұмыс істейді.

"ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС өзінің тұрақты және барлық клиенттеріне жанар-жағармай құю станцияларындағы бағаның қолжетімді болуы үшін кезекті рет маңызды қадам жасады. Бұл компанияның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саясатын берік ұстанатындығын дәлелдеп отыр", – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында еліміздегі АИ-92 бензинінің бағасы литріне 163,4 теңгені құраса, АИ-95-тің құны литріне 178,2 теңгеге тең болған еді. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде АИ-92 14,9%-ға, АИ-95 15,2%-ға қымбаттаған.

Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 860,8 мың тонна бензин өндірілген. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға артық. 

Жалпы, "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай құю станциялары Қазақстанда тұңғыш рет смартфон арқылы төлем жасау әдісін енгізгенін атап өткен жөн. Осылайша көлік иелері үшін төлем жасау ыңғайлы бола түсті. Төлем жасау үшін QR-код және штрих-код пайдаланылады.

QR-код арқылы төлем жасау жүйесі 2017 жылдың басында тестік режимде Астана қаласында енгізілгенін жақсы білеміз. Биылдан бастап аталған жаңашылдықты өзге де өңірлердің тұрғындары қолдануға мүмкіндік алды.

QR/штрих-код жасату үшін www.azskmg.kz сайтындағы жеке кабинетке, "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай құю станцияларына арналған мобильді қосымшаға тіркелу керек. Сондай-ақ компания филиалдарының сату орталықтарына барып, мамандардың көмегіне жүгінуге болады.

"Компания инновациялық дамуды қолдайды. Біз клиенттерге қолайлы болу үшін төлем жасаудың барынша жетілдірілген тәсілдерін енгізіп отырмыз. Мұндай қадамды Қазақстанда бірінші боп жасадық. Компания одан әрі де қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың заманауи технологияларын пайдалануды көздеп отыр. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, келесі жылдың өзінде әлемдегі төлемдердің жартысы смартфондар арқылы жүргізілмек екен", – дейді "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары – коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Төлеміс Шотанов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу