2030 жылға дейін Каспийден ауланатын балық көлемі екі есе көбейеді

1098

Атырау облысы балық өндірісін Каспийдің есебінен арттырмақшы.  

2030 жылға дейін Каспийден ауланатын балық көлемі екі есе көбейеді

Атырау облысында тауарлы балық өндірісін 2030 жылға қарай 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұндай мәліметті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ресми сайтына жариялап отыр. Атырау облысында министр Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен өткен балық шаруашылығын дамыту туралы кеңесте осындай жоспар айтылса керек.

Нақтырақ айтсақ,  өңірлік бағдарлама аясында 2030 жылға қарай Каспий теңізінен ауланатын балық көлемін 13 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Осылайша балық өнімдерінің экспортын 6 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

"Биыл Атырау облысында жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар 10 тонна тауарлы балық өсіруді жоспарлап отыр. Бұл 2020 жылға қарағанда 1,5 тоннаға артық. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда",- деді экология Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов.

Ал Мағзұм Мырзағалиев балық экспортын 300 мың тоннаға жеткізу жоспарын іске асыруда Атырау облысының орны ерекше екенін атады. 

"Жүйелі шаралар қабылдау арқылы елімізде балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, балық экспортын 300 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру үшін министрлік жанынан салалық Комитет құрылды. Ол, бірінші кезекте, халықты сапалы әрі қолжетімді балық өнімімен қамтамасыз ету және елде балық шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін шаралар қабылдайтын болады", – деді министр.

Жалпы Атырау облысында Жайық пен Қиғаш өзендерінен балық аулайтын 20 табиғат пайдаланушы бар. 

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу