Ақтөбеде жұмыспен қамту деңгейі 29 пайыз ғана

1087

Ақтөбе қаласында бос жұмыс көздерінің ашылуы тым төмен.

Ақтөбеде жұмыспен қамту деңгейі 29 пайыз ғана

Ақтөбе облысында  жұмыссыздықты жою, "екі қолына бір күрек" таппай жүрген азаматтарды еңбекпен қамту жайы аппарат жиынында кеңінен талқыланды. Онда айтылғаны, облыста он бір мыңға жуық азамат  "Еңбек" бағдарламасы аясында  жұмыспен қамтылыпты. 46,3 млрд теңгеге 302 жобаны іске асыру бойынша он екі мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған, алайда оның ішінде, 375-і ғана тұрақты жұмыс орны екен. Оның үстіне, Ақтөбе қаласында бос жұмыс көздерінің ашылуы тым төмен болып шықты. Мәселен, 7338 жұмыс орнын құру жоспары тек 29 %-ға орындалып,  бар-жоғы екі мыңның үстіндегі адам жұмысқа орналастырылған. Осы деректерді ескере отырып, қала әкімдігінің  мердігер компаниялармен бірлесе отырып, жұмыс орындарын ашуға күш салу керектігі айтылды. Бір жақсысы, аудандарда бұл көрсеткіш алпыс пайыздан асады.

 "2020 жылдың бірінші маусымдағы жағдай бойынша облыста он мыңның үстіндегі адам жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 420 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, 775 адам 556 мың теңгеден алады деген болжам бар. Осыған дейін Мәртөк, Байғанин, Қарғалы аудандарында жұмыссыздарға құс асырауға, ұсақ мал ұстауға және тігіншілікпен айналысуға 11,7 млн.теңгеге өтеусіз гранттар берілді. Алайда, Мұғалжар, Хромтау, Ырғыз аудандары жұмыссыздарға қолдау көрсету мақсатындағы  гранттарды бөлмей қалған, жалпы алғанда, Шалқар, Ырғыз,Темір, Алға, Байғанин, Мартөк аудандарында тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші төмен",  – деп баяндады облыс әкімінің  орынбасары  Руслан Хамбаров.

Сондай-ақ, биыл "Жастар практикасы" жобасы бойынша жіберілген жастардың жұмысқа орналасу деңгейі де төмен, мәселен, бір мыңның үстіндегі түлектен тұрақты жұмысқа тұрғандары - 347 ғана.

Мәселеге ерекше маңыз берген облыс әкімі  Оңдасын Оразалин аймақта мұнай мен жер асты қазба байлығы мол болғанмен, тек сол салаға баруды көздеп, ауыз ашып отыратын психологияны сынға алды. Жер қазынасы игеріліп жатыр, болашақта та игерілмек, десек те өзге салаларды шет қалдырмай, олар бойынша да жұмыс орындарын көптеп ашу керек.

Сол сияқты, облыста пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауқымды жер учаскелерінің бары мәлім болды. Былтыр осындай бес жер учаскесін сот арқылы тартып алуға тура келген. Ал шаруалар болса көбінесе бидай егуден гөрі табысы көп майлы дақылдар егуді қолайлырақ көреді екен. Жұмыссыздық талқыланған жиында осы жайлардың бәрін мұқият тыңдаған өңір басшысы тиесілі мекемелерге пайдаланусыз жатқан жерлерді қолынан іс келетін әрі  ауылшаруашылығының дамуына үлес қосатын азаматтарға беруді тапсырды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу