Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге заң жүзінде нақты әрі қатаң шаралар қабылдау қажет екенін айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге жасалған шабуыл полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестіріліп, қылмыстық жауапкершілік күшейтілуі тиіс екенін айтады.
– Қазақстанда басқа ешбір мамандық медицина қызметкерлеріндей жиі агрессияға тап болмайды. Оның салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр, өйткені өзін қауіпсіз сезінбейді. Сондықтан біз, бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық. Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасаумен тең болуы тиіс. Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қажет болса өмір бойы төлесін, – дейді депутат.
Ол бұл бастама қолдау таппағанын айтады.
– Алайда осы күнге дейін бұл бастамаларымыз Үкіметтің қорытындыларында қолдау таппады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат жақында болған дәрігерлерге қатысты жағдайға үстірт қарауға болмайтынын айтты.
– Қарағандыда бір азамат аға медбикені жұмыс орнында соққыға жыққан. Медбике басынан жарақат алған, саусақтары сынған, денесі көгеріп, шашы жұлынып, ауыр соққыға ұшыраған. Ал Қостанайда хирург-урологқа шабуыл жасалды. "Мені кезексіз кіргізбеді" деп ашуланған науқас дәрігерді ұрған екен. Салдарынан ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Басынан қан кеткен, сүйегі сынған. Мұны жай ғана "кездейсоқ жағдай" деуге болмайды. Бұл дегеніміз тек дәрігерлер үшін емес, әрқайсымыз үшін қауіпті шабуыл, – деді Аймағамбетов.
Ол мұндай жағдайлар әдетке айналып бара жатыр дегенді атап өтті.
– Ең сорақысы, медицина қызметкерлеріне қол көтеру, әсіресе жедел жәрдем мен емхана дәрігерлеріне күш қолдану әдетке айналып барады. Сондықтан оған дереу тоқтау салып, заңмен шектеу қою керек. Шыны керек, Президент бұл мәселе бойынша нақты тапсырманы бұған дейін де берген еді: дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы - осы тапсырманы орындау. Халықаралық тәжірибе де біздің ұсынысымыз дұрыс екенін көрсетеді. Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға шабуыл жасаумен тең. Онда мұндай әрекет үшін нақты, қатаң жаза бар. Мемлекет дәрігерді қатты қорғайды. Бізде де солай болуы керек. Бұған қоса, тағы бір маңызды бағытпен айналысып жатырмыз. Ол – дәрігерлерді кәсіби тәуекелдерден міндетті сақтандыруды кеңейту. Жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен жарақаттар да сақтандыруға кіруі тиіс. Осы күзде біз бұл заңдар бойынша тиімді шешім қабылданады деп сенемін, – деді депутат.