"Егер дәрігерлер дер кезінде табылса, мүмкін қызым аман қалар еді" – жер сілкінісінен зардап шеккен әке

3692

Зілзалада жары мен үш баласын жер қойнына тапсырған. 

"Егер дәрігерлер дер кезінде табылса, мүмкін қызым аман қалар еді" – жер сілкінісінен зардап шеккен әке Фото: ANKA

Түркиядағы жойқын зілзала мыңдаған отбасыны ойран етті. Үш баласынан айырылған Махмұт Шанның өзегі өртеніп барады. Оның айтуынша, егер жедел жәрдем қызметкерлері дер кезінде табылса, мүмкін қызы аман қалатын еді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Түркиялық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, Махмұт Шан 7 баланың әкесі. Өкінішке орай айтпай келген апат оны әйелі мен үш баласынан айырды. Жер сілкінісінде екі баласы қаза табады. Ал қызын жарақаттанса да үйінді астынан аман алып шыққан. Алайда Хатиже үйіндіден шыққаннан кейін 7 сағат өткен соң ауруханада қайтыс болды. Махмұт Шан сол бір қорқынышты күндерді былай деп еске алады:

- "Зілзала кезінде көзім үнемі төбеде болатын, оның қай бағытта құлайтынын есептейтінмін. Бір уақытта әйелім жаққа қарай құлап түсті. Мен оны алып шығаруға тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Біз әйтеуір аман есен шықтық. Менің 7 балам бар. Әйелім, ұлдарым Мұхаммед пен Селахаттин үйінді астында қаза тапты".

19 жастағы қызы Хатижені үйінді астынан үш сағат ішінде шығарады. Алайда көлігінің кілті қираған үйде қалған. Сол жерде бейтаныс адамның көлігіне салып, ауруханаға жеткізеді. Онда да жағдай мәз емес-тұғын. Қызының жағдайын бақылаған дәрігер “балаңды бұл жерден әкет” дейді.

Махмұт Шан сыртқа шығып тағы да көлік іздейді. Жолда кезіккен бұрыннан танитын адамның көлігіне Хатижені салып Алтынөзүдегі басқа ауруханаға апарады.

- “Өкінішке орай қызым Алтынөзү ауруханасында ішкі қан кету салдарынан қайтыс болды. Әрине, құдайдың ісіне шара жоқ, бірақ мен қызымды үйінді астынан алып шыққаннан кейін ол 7 сағаттан соң қайтыс болды. Егер сол сәтте денсаулық сақтау қызметкерлері болса, мүмкін аман қалар ма еді”, - дейді бойын өкініш билеген әке.

Хатайдағы жер сілкінісі кезінде Махмұт Шанның үйі мен жұмыс орны да жермен жексен болды. Қазір аман қалған балаларымен Анкараға келген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу