Еліміздің батыс өңірлерінде заманауи жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылды

Республикалық маңызы бар автожолдарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін проекциялық жаяу жүргіншілер жолақтарын орнату бойынша жұмыстар жалғасады.  

Еліміздің батыс өңірлерінде заманауи жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылды Фото: gov.kz

Жаяу жүргіншілерге арналған мұндай жолақтардың ерекшелігі сол, ол алыстан көрінеді. Бұдан бөлек күн райының қолайсыз кездерінде, қысқы уақытта да оны анық байқауға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2023 жылдың басынан бері осындай үлгідегі жолақтар тағы екі өңірде сызылды.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысында Р-33 "Доссор-Құлсары-Ақтау" автожолының 179-шы мен 719-шы шақырымындарында және Атырау облысында А-27 "Ақтөбе-Атырау-Астрахан" республикалық жолының 846 шақырымында орнатылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін тың үлгідегі жолақтар Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар жолдарында жасалған.

"Аталған өткел арнайы орнатылған проекциялық құрылғының көмегімен жарықтандырылады. Бұл технологиялар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының аса қауіпті учаскелеріне, атап айтқанда елді мекендердің жанында, сондай-ақ жарығы төмен жолдардың учаскелерінде және жолдың бойындағы сервистік нысандардың маңында орнатылады", – деп хабарлады ИИДМ.

Республикалық маңызы бар жолдарда қауіпсіздікті арттыру мақсатында түрлі инновациялық шешімдер ұдайы қолданылып келеді.

Мысалы, 2022 жылдың басынан бастап осы күнге дейін республика бойынша жол қызметінің мамандары 106 дана жарықдиодты страбоскоп құрылғысын, 38 дана жарықдиодты жол белгісін және 6500-ден астам жарықдиодты катафотты орнатқан.

"Сондай-ақ былтыр Ақмола облысының республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында КД-3 – "мысық жанары" заманауи шағылыстырғыш элементтері қойылды. Бұл көру мүмкіндігі шектеулі жерлерде жол төсемінің немесе жолақтардың шекараларын белгілеу үшін қажет", – деп хабарлады ИИДМ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу