Халықтың тұтыну шығынының қанша пайызы байланыс қызметіне жұмсалады?

493

2023 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 25,1 млн ұялы байланыс абоненті болды. 

Халықтың тұтыну шығынының қанша пайызы байланыс қызметіне жұмсалады? Фото: Otyrar.kz

Бір жыл ішінде олардың саны 3,3 пайызға өсті, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтырғы үшінші тоқсанда халықтың барлық тұтыну шығынының 3,3%-ы байланыс қызметтеріне жұмсалды. Салыстыратын болсақ, басқа да коммуналдық қызметтерге 2022 жылы тұтыну шығынының 4,5%-дан 6%-ға дейін жұмсалса, ал азық-түлік тауарларына шығын 50%-дан асады.

International Telecommunication Union деректеріне сәйкес, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда ең қолжетімді мобильді байланыс Қазақстанда.

Ресурстың жазуынша, еліміздегі байланыс және интернет қызметтерінің төмен құнын сектордағы жағдайды бақылайтын барлық беделді агенттіктер растап отыр. Мысалы, Cable.co.uk британиялық аналитикалық ресурстың мәліметтері бойынша Қазақстан 233 елдің арасында ең арзан мобильді интернеті бар 20 елдің қатарына енді. Сондай-ақ, Internet Accessibility Index деректері бойынша мобильді интернет құны бойынша Қазақстан 9-орында. Бұл рейтингте еліміздің Орталық Азиядағы ең озық телекоммуникация секторларының біріне ие екендігі көрсетілген.

Интернет жылдамдығы мен оны тұтыну көлемі өскенімен, мобильді желі мен Интернет қызметтерінің төмен құны сақталып отыр. Мысалы, Speedtest мәліметінше, елде мобильді интернет жылдамдығы бір жылда 22,3%-ға ұлғайып, 22,01 Мбит/с болды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 178,9 млрд теңгені құрады. Жылдық өсім – 39,1%. Соңғы 5 жылда секторға 643,7 млрд теңгеден астам қаржы құйылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу