Қызылордада экология мәселесі бас ауыртады

Сыр елі – экологиялық аймақ. Сондықтан, мұндағы экомәселе шаш етектен. 

Қызылордада экология мәселесі бас ауыртады Фото: Бағдат Есжанов

Бір ғана Арал өңірінің жағдайы күллі әлемді алаңдатуға жетеді. Одан бөлек, "Байқоңыр" кенішіндегі қалдықтар, Сырдария өзеніндегі судың азаюы секілді мәселелер бар.

Тұрғындар Қызылорданың экологиялық мәселелерін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа да айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"12 мың текше метр қалдық жойылды"

Министр облысқа іссапары аясында Арал теңізінің келешегі, орман шаруашылығындағы атқарылып жатқан жұмыстар, жан-жануарларды қорғау мен тұрмыстық қатты қалдықтар мәселелерін сөз етті, тұрғындар сауалына жауап берді.

- Мінеки, сәті түсіп, Қызылорда облысының халқымен кездесу өткіздік. Кездесу барысында көптеген мәселенің ара-жігін айқындап, талқыға салдық. Көпшілікті толғандырып отырған мәселелер қатты тұрмыстық қалдықтар мен "Байқоңыр" аумағындағы құрылыстық қалдықтар екеніне көзіміз жетті. Осыған байланысты мемлекетаралық комиссия отырысында "2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы" әзірленген. Бүгінде осы жобаның бастамасымен 12 мың текше метрден астам қалдық жойылды. Облыстық экологиялық проблемалардың қатарына қаладағы тұрмыстық қалдық мәселесін қоссақ болады. Облыстағы 147 полигонның тек 7-еуі ғана заңдық нормативтерге сәйкес келеді. Алдағы уақытта Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, ауқымды инвестициялық жоба әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар, 2021 жылы мемлекеттік балық шаруашылығын дамыту жобасы қабылданған. Соның аясында өңірлердің бәрінде біршама жұмыс жүргізіліп жатыр. Одан тыс заң жобасына сәйкес келесі жылы субсидияның жаңа түрлері пайда болады, - деді ол.

Иә, "Байқоңыр" кешенінің рұқсат етілмеген орындардағы қалдықтарды кәдеге асыру, қаладағы бұрынғы ЖОО-6 күл үйінділерімен ластанған жерлерді қалпына келтіру секілді экологиялық мәселенің бары рас.

Балық шаруашылығы төмендеп кетті ме?

Арал теңізінен балық аулау көрсеткіші төмендемей тұр. Есесіне, су көлемі әлдеқайда азайған. Сондықтан, мәселе бар, "балық шаруашылығы төмендеп кетті" деген пікір де ел ішінде жиі-жиі айтылады.

- Негізінде балық шаруашылығының ахуалы төмендеп кетті деп айта алмаймыз. Бүгінде 2 мың тоннадан астам балық шетелге шығарылып жатыр. Әсіресе, Еуропа мемлекеттеріне. Сол себепті, балық шаруашылығы Еуроодақтың нормативтік стандартына сай, ешқандай шикіліксіз дамып жатыр деуге толықтай негіз бар. Балық шаруашылығына сәйкес керекті іс-шаралар уақытымен жүзеге асуда. Тоқетері, балық шаруашылығы – бүтін бизнестің мойнында, министрлік тарапынан қолдау жеткілікті жүріп жатыр, - деп сөзін жалғады министр.

Осы күні Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен 201 көлінде 3000-ға жуық адам балық аулаумен айналысады. 2023 жылдың алғашқы 10 айында облыс бойынша 4576 тонна көлемінде балық ауланып, 2463 тонна балық өнімдері 12 мемлекетке экспортталыпты.

Арал өңірінің экологиялық мәселесі алаңдатады

Сапар барысында Ерлан Нысанбаев Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты – Президенттің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан. Іс-қимыл кезеңі" атты жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыру. Бұл жобаның аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар фитомелиоративтік жұмыстарды тиянақты жүргізу. Сондай-ақ, елдімекендерді көгалдандыруға керекті ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақ және орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы арттырылмақ. Одан бөлек, пилоттық жобаны Қызылорда облысында жасау мүмкіндігі қарастырылады.

Жалпы, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 миллион гектарды құрайды. Оның 2,2 миллион гектары Қазақстанға тиесілі. 2021 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 395 мың гектар жері ормандандырылған. Тіпті, бір сексеуілдің өзі 4 тонна құм ұстайды.

Осы күні Үкіметпен жаңадан қоқыс тастау полигондарын салу және оларды нормаға келтіру жайында нақты іс-шаралар бекітілген. Яғни, 2027 жылға дейін өңірге 4 полигон салынады (Жалағаш, Арал, Сырдария, Шиелі аудандары) және қолданысқа беріледі. Сөз басында жазғанымыздай, Қызылорда – экологиялық аймақ. Алдағы уақытта бұл экомәселелерді шешу қалай жүзеге асады? Министр "мұның алғышарты жасалып жатыр" деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу