Несиесін төлей алмаған адам өзін-өзі банкрот деп жариялайды

747

Қазір "жеке тұлғаның өзін-өзі банкрот" деп жариялауы туралы заңның жобасы дайындалып жатыр. Оған кірістер комитетінің мамандары мен мәжілісмендер жұмылған.

Несиесін төлей алмаған адам өзін-өзі банкрот деп жариялайды

Заң жобасын қаржы министрінің кеңесшісі Айбар Төлжанұлы қарапайым тілмен түсіндіріп берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Егер сіздің банкке немесе микроқаржы ұйымдарына, не болмаса коллекторлық агенттіктерге берешегіңіз (кредит) 4 миллион 900 мың теңгеден (1600 АЕК) аспаса – сотқа жүгінбей, өзіңізді банкрот деп жариялай аласыз", – дейді ол.

Кімдер іліге алады?

а) Ресми табысы жоқ азаматтар. Яғни жұмыссыз қалып, кредитін жаба алмай, расында күнкөрісі қиындаған азаматтар ілігеді.

б) Табысы өзі мен отбасының әрбір еңбекке жарамсыз мүшесіне шаққанда 36 018 теңгеден (ең төменгі күнкөріс деңгейінен) аспайтын отбасылар (мысалы: кәмелет жасқа толмаған төрт баласы бар бір отбасының отағасы ғана жұмыс істейді делік. Айлығы 140.000 теңге деп алайық. Банкке беретін кредиті 3,5 миллион теңге. 140 мың теңгені жұбайы мен төрт баласына шаққанда 36 мың теңгеге жетпейді. Яғни банкроттыққа негіз бар).

"Ал егер кредитіңіз 4 миллион 900 мың теңгеден асқан болса тек сот арқылы өзіңізді банкрот деп жариялай аласыз. Ол кезде сіздің мүлкіңіз сатылады. Содан түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредитіңізді жабуға жұмсалады. Бұл рәсімге аудиторлар, заң кеңесшілері, кәсіби мықты бухгалтерлер, оңалту және банкрот саласындағы әкімшілер тартылады. Яғни бірнеше маман жіті бақылап, расында банкроттыққа негіз бар ма, соны тексеріп, көз жеткізеді", – дейді министр кеңесшісі. 

Кредитін төлей алмай жүрген азаматтар бакнроттықтан бөлек, сот арқылы бес жылға дейін төлем қабылетін қалпына келтіре алады. Бұл рәсім банк пен оған қарыз азаматтың келісімімен іске асады.

Ескерту! Өзіңізді банкрот деп жариялағаннан кейін:

- бес жылға дейін кредит ала алмайсыз;

- қайтадан банкроттықты жеті жылдан кейін ғана алуға мүмкіндік бар;

- үш жыл бойы қаржылық жағдайыңыз бақылауға алынады;

- бір жыл ішінде міндетті түрде қаржылық сауаттылық курсынан өтесіз.

Айта кетейік, бұл жоба мәжілістің қарауынан кейін кейбір талаптары өзгеруі / өзгермеуі мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу