Студенттер білім алудың орнына пәтер жалдауға қосымша табыс табумен әлек – мәжілісмен

535

Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы әсіресе Алматы мен Астанада байқалып отыр.  

Студенттер білім алудың орнына пәтер жалдауға қосымша табыс табумен әлек – мәжілісмен Фото: РБК

Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Ислам Сұңқардың  Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке Студенттік жатақханалардағы орын мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

“Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда тапшылық 61 435 орынды құрады. Негізінен тапшылық Алматы, Астана қалаларында байқалады. Бұл колледждерге қарасты жатақханалардағы орын тапшылығын айтпағандағы көрсеткіш. Министрлік ұсынған дерекке сүйене отырып, біз бұл статистика бірінші курс студенттерінің жағдайын көрсетіп отыр деп білеміз”, - деді депутат.

Оның айтуынша, жоғары курс студенттері, магистранттар мен докторанттар да жатақханаға мұқтаж.

Екіншіден, жатақханалардың жағдайы да сын көтермейді. Себебі басым бөлігі өткен ғасырда салынған, деп атап өтті халық қалаулысы.

“Мысалы, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің жатақханалары 1950 жылдары бой көтерген. Яғни қолданысқа осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын берілген. Нысандардың тозу көрсеткіші 50%-дан асқан. Жыл сайын косметикалық және күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, апатты жағдайға жеткен”, - деді ол.

Оның айтуынша, жаңа жатақхана салу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар пайда болған тапшылықты ғана жауып отыр. Мәселе түбегейлі шешіліп жатқан жоқ. Әсіресе мәселенің зардабын ауылдан келген жастырымыз сезінуде, деді мәжілісмен.

“Сапалы білім алудың орнына олар пәтер жалдау үшін қосымша табыс іздеумен әлек. Біздің болжам бойынша, 2030 жылға қарай студенттік жатақханаға деген қажеттілік 364 мың орыннан асады. Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік. Ұлыбритания, Германия, Австрия, Финляндия сынды бірқатар Еуропа елдерінде студенттерге жалға берілетін жылжымайтын мүліктің барлық санаты қалыптасқан. Арнайы жабдықталған пәтерлер 3-7 студенттің бірге тұруына лайықталып, жатақханаға айналған”, - деді ол.

Қазақстан Халық партиясы министрлікке студенттердің пәтерде тұруын субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынып отыр.

“Атап айтқанда, пәтерді қайта жабдықтау шығынын субсидиялау мәселесін қарастыру және жатақханаға мұқтаж барлық студенттердің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығынын субсидиялау қажет.

Үшіншіден, жоғары оқу орындарынан түскен ұсыныс бойынша, студенттерді бір адамға арналған 6 шаршы метрден 4 шаршы метрге орналастырудың санитариялық нормаларын қайта қарау”, - деп қорытындылады Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу