Теңге әлсіреді. Рубльдің күйін кешпей ме?

401

АҚШ доллары тағы қымбаттады.

Теңге әлсіреді. Рубльдің күйін кешпей ме?

Елдің ірі мегаполистерінде көк қағаз орта есеппен 460 теңгеден сатылып жатыр. Ал, Ұлттық банк сәрсенбіге белгілеген бағам 448,55 теңге болатын. Бұл рубльдің құнсыздануымен қаншалықты байланысты? Ресей валютасының әлсіреуі біздің экономикаға қалай әсер етеді?

Ресей орталық банкінің әрекеті жемісін бермей жатыр. Онда 1 доллар 100 рубльден асып кетті. Көрші ел валютасының құнсыздануы Қазақстан үшін тиімсіз. Алдымен, ол елден келетін импорт көбейіп, отандық өндірушілер тығырыққа тіреледі. Онсыз да осы жылдың 6 айында екі ел арасындағы сауда-саттық 10 миллиард доллардан асып кетті. Көрші ел валютасының құлдырауы жыл соңына дейін теңгеге әсер етпейді, дейді сарапшылар. Өйткені, рубльге деген тәуелділік қазір жоқ екен.

"Біріншіден, Ұлттық қордың валюталық трансферті өткен жылға қарағанда жоғары болып тұр. Оған қоса, квазимемлекеттік субъектілердің саудасы жақсы жүріп тұр. 30 пайыз төңірегінде. Соңғысы резидент еместерден келетін валюталық ағын жыл басынан бері 400 миллион долларға жетті. Мұның барлығы рубльмен болып жатқан жағдайға алаңдамауға негіз бола алады", - деді Қаржыгерлер қауымдастығының аға сарапшысы Рамазан Досов.

Сарапшылар сөзінше, рубль анау айтқандай құлдырамайды. Өйткені, кеше ғана Ресейде пайыздық мөлшерлеме 8 жарымнан 12 пайызға көтерілді. 2-3 ай айдың ішінде бұрынғы қалпына келмесе де, рубль көтеріледі деген сенімде, сарапшылар. Бірақ осы уақыт ондағы өндіріс үшін нағыз сынақ болайын деп тұр. Өйткені, әлсіреген рубльге бейімделгендер ғана нарықта қалады. Теріскейдегі көрші елге мұның тиімді тұсы да бар екен.   

"Ресей нарығына шикізат импортын қайта қарауға мүмкіндік береді. Мүмкін кейбірін өздері өнедіре бастауы мүмкін. Көршілеріміз бұл жағдайдан шыға алады. Шығындалса да. Бізде бірақ ондай емес. Қазір оларға рубльдің құнсыздану қатты проблема емес. Өндіріс саласы жолға қойылған", - деді экономист Расул Рысмамбетов.

Қазақстан экономиканы диверсификацияламай, алдағы 5 жылда теңге тұрақсыз болады дейді, мамандар. Өйткені, қара алтынның басым бөлігі Каспий құбырына байланған болса, металлургия саласы Қытай нарығына ғана кетіп жатыр. Дегенмен, сарапшылар жыл соңына дейін көк қағаз 470-480 теңгеден қымбат болмайды деген болжам айтып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу