Үмітті үзген Үкімет...

792

Енді 4 пайыздық жеңілдікпен көлік алуға несие берілмейді.

Үмітті үзген Үкімет...

Жұрттың бабын сынап, 18 секундта-ақ бағын жаққан жеңілдетілген автонесиенің жанданғанын айлап күтіп жүрген халықтың көңілі бүгін су сепкендей басылды. Абдырап қалған журналистер де бағдарламаның тоқтатылғанын аяқасты естіп, аң-таң. Ақордада ойламаған жерден қойылған сұраққа Индустрия министрі: "4 пайыздық жеңілдікпен көлік алуға несие берілмейді" деп кесіп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz

Қарабаев мәлімдемесін сенімді түрде жасағанына қарағанда, Үкімет мұндай байламға баяғыда келген сияқты. Сонымен, "револьверді түрде жұмыс істейді" делінген мемлекеттік жобаның ақшасы қайда жұмсалмақ? Билік 4 пайыздық автонесиеден неге бас тартып жатыр? Халық пікірі ескерілмей ме?

"Басында РОП арқылы 100 млрд бөлінді, оған 13 мың қазақстандық көлік алды. Содан соң бұл бағдарлама ревальверді түрде жұмыс істеді. Қазір қоғамдық көліктің тозуына байланысты қаржыны соған бағыттау қарастырылып отыр. Күнде халқтың 9 млн 300 мың қазақстандықтың қолданып жатқан көліктерін жаңғырту", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Бір қызығы, Индустрия министрлігіндегілер мұндай шешімді әлдеқашан қабылдап қойғанға ұқсайды. Жеңілдікпен онлайн өтінім жіберіп, көлік алам дегендерге айтуға бата алмай жүрген бе, әлде ұмытып кеткен бе, оны нақты айтпады. Ал министрдің бүгінгі сөзі көптің көңілін су сепкендей басты.

2018 жылдың өзінде "БРК лизинг" бағдарламасы аясында 7 пайызбен автобус алу үшін несие берілген екен. Бұдан бөлек те несиелендіру тетіктері бар. Дегенмен, министр Қарабаев елдегі қоғамдық көліктердің 50 пайызы тозған,- деп отыр. Яғни, автобустар жылдар бойы жаңартылмаған. Экономист Жанат Нұрғалиев, Индустрия министрлігі ең әуелі сондай бағдараламалардың нәтижесімен бөлісуі керек деген пікірде.

"Өңірлерді тексеру керек. Амортизация деген бар оларда. Сол қалай жүзеге асырылып жатыр екен. "БРК лизинг" 15 жылға дейін несие берді, осылайша автобус парктері жаңартылды. Одан бөлек, министрліктің өзінде "Өндірісті дамыту қоры" бар. Олардың да автобустарды жаңарту бойынша бағдарламалары бар. Сондықтан мен халыққа арналған бағдарлама қаражатын басқа мақсатқа бұру дегенді мүлде түсінбеймін, қолдамаймын да!" - экономист Жанат Нұрғалиев.

Ал биыл 18 секундта 4 пайыздық авто несиеге өтінім беріп үлгерген 761 адамның 100-ге жуығы көлігін әлі алмапты. Өйткені банк шарттарына сәйкес келмеген.

Сарапшылар Индустрия министрлігінің бұл шешімі нарыққа әсер етпей қоймасы анық,- деп отыр. Былтыр онсыз да 60 пайызға қымбаттаған көлік бағасы енді тағы арта ма, оны ешкім кесіп айта алмады. Ал көлік мінгісі келетіндер енді жалпы соманың алғашқы 20 пайызын жинап, жылдық мөлшерлемесі 24 пайыз болатын екінші деңгейлі банктер арқылы темір тұлпарға иелік ете алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу