​Диқандар құны қымбат дизельмен тұқым себуге мәжбүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2820

Шаруалар наурызда өнімнің бір тоннасына 156 мың теңге төлесе, ал сәуірде 161 мың теңге шығындауда.

​Диқандар құны қымбат дизельмен тұқым себуге мәжбүр

Елімізде көктемгі дала жұмыстары әлдеқашан басталғанымен, диқандарға арзандатылған жанар-жағармай жеткізу мәселесі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Олай дейтініміз, өздеріне тиесілі дизель отынының тиісті көлемін алмаған шаруашылықтар бар. Соның бірі – "Қайрат" ЖШС-ы. Қостанай облысындағы шаруашылықтың иесі Төремұрат Өтеповтің сөзінше, астықты өлкенің мұндай күй кешуі – елдегі тұтас жағдайдың көрінісі. 

"Наурыз айының үшінде Павлодар мұнай-химия зауытымен дизель отынын жеткізу бойынша келісімге отырдық. Төлемді он күн ішінде жасадым. Алайда, өнім әлі жеткізілген жоқ. Шаруашылықтағы техниканың бәрі сырттан әкелінген. Оған Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімі жарамайды. Тек, Павлодар зауытының отыны ғана жарамды. Оның үстіне дизель отынының бағасы да қымбаттап кетті", – деп пікір білдіріпті Төремұрат Өтепов 12 сәуір күні "ҚазақЗерно.kz" басылымына.

Бұл бір ғана шаруашылықтың басындағы жағдай емес. Қостанай облысының өзге де шаруашылықтары осындай мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Сондай-ақ, бұған дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев те үкімет отырысында дизель отынымен қамту бағытында шешілмеген мәселе барын айтқан еді. Дәлірек айтсақ, вице-министр Алматы облысындағы "Petroprox" ЖШС-ның салғырттығы туралы баяндаған болатын.

"Компания Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизель отынын жеткізіп беруі керек еді. Бірақ, міндеттемені орындамаған. "Petroprox" ЖШС биыл алғаш рет энергетика министрлігінің кестесіне енгізілді. Компания ақпан айында 1,9 мың тонна дизель отынын жеткізуге тиіс болған. Енді, міне, наурыз айының міндеттемесі де (1,8 мың тонна) жайына қалама деген қауіп бар", – деген болатын Арман Евниев үкімет отырысында.

Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергеновтің сөзінше, аталған мәселе біртіндеп шешімін табуда. Өнімнің біраз бөлігін басқа бір компания алматылық диқандарға жеткізіп берген. Министрлік өкілі қалған көлем де көктемгі дала жұмыстары аяқталғанға дейін шаруалардың қолына тиеді деп сендірді. 

Дизель отынының қымбаттағанын энергетика министрлігі ресми түрде растады. Министрліктің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, наурыз айында дизель отынының ішкі нарықтағы орташа бағасы тоннасына 167 мың теңгені құраған. Ал диқандарға үлестірілген өнімнің бір тоннасы 156 мың теңге болған. Яғни, көктемгі дала жұмыстарына бағытталған өнімнің бағасы нарықтағыдан 11 мың теңгеге арзан.

"Сәуір айында баға қымбаттады. Оған экономиканың түрлі саласында дизель отынына деген сұраныстың артуы себеп болды. Атап айтқанда, құрылыс, транзит салаларында, тау-кен металлургия кешенінде өнімге деген сұраныс артты. Сол себепті баға да өсті. Мұндай тенденция Қазақстанда ғана емес, Ресей Федерациясында да байқалып отыр", – деп түсіндірді Қуаныш Құдайбергенов.

Атап айтқанда, осы айда дизель отынының бір тоннасы 179 мың теңгеге сатылуда. Ал диқандарға бағытталған өнімнің бағасы тоннасына 161 мың теңгені құрап отыр. Сонда, наурыз бен сәуір айларындағы бағада 8 теңгедей айырмашылық бар.

Еске сала кетейік, биыл көктемгі дала жұмыстарына 375 мың тонна дизель отыны бөлінген болатын. Қуаныш Құдайбергеновтің мәліметінше, бүгінде оның 120 мың тоннасы ұсынылды. Бұл жалпы көлемнің шамамен 30%-ы. Қазіргі таңда еліміздегі дизель отынының жалпы қоры 325,5 мың тоннаны құрап отыр.

"Көктемгі дала жұмыстарына, күзгі жиын-терімге арзандатылған дизель отынын бөлу мәселесі заңмен бекітілген емес. Бұл мәселе осы нарықтағы ойыншылардың өзара келісімі нәтижесінде реттеліп отыратынын атап өткен жөн", – дейді энергетика министрлігінің өкілі.

Диқандарды дизель отынымен қамту үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген арнайы көлем бар. Бұл ретте, салмақтың көбі Павлодар мұнай-химия зауытына түсіп отыр. ПМХЗ көктемгі дала жұмыстары үшін шаруаларға 195,6 мың тонна дизель отынын ұсынуға тиіс. Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі – 92,3 мың тонна. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты 87,1 мың тонна беруге міндетті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу