Семейдегі 254 үй қызыл судың жолында тұр

Қала ішінде 7 эвакуациялық бекет жасақталды.  

Семейдегі 254 үй қызыл судың жолында тұр

Ертіс пен Сырдарияның суы биыл жылдағыдан ерте көтеріліп, жағаға жақын жатқан елді мекендердің зәресін алды. Тіпті Семейдің іргесіндегі  Түйемойнақ аралында үйлердің ауласына су кіріп, 8 адам эвакуацияланған. Осыған байланысты Төтенше жағдай комитеті БАҚ өкілдерін жинап, ахуалды баяндады.  Комитет төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевтың айтуынша, қазір Ертістің де, Сырдарияның да суы біртіндеп қайта бастаған. Қызыл су қаупі сейілгенімен, тұрғындарға сақ отыру керектігі ескертіліпті.

"Семей қаласы бойынша айтсам, ауа температурасының көтерілуі  салдарынан Ертістің арнасында мұз кептеліп, су деңгейі көтерілген. Полковничий аралы мен Мирный, Восточный кенттеріндегі су басу қаупі бар үйлердің тұрғындарына эвакуацияға дайын отыру керектігі ескертілді.  Семей қаласында 7 эвакуация бекеті белгіленді. "Семей" қонақүйі мен 6 мектеп адам қабылдауға дайын тұрған болатын. Бірақ су деңгейі шекті межеден қайтуына байланысты  адамдарды эвакуациялаудың қажеті болмай қалды. Тек бір үйдің ауласына ғана су жайылды. Ол үйден 8 адамды "Семей" қонақүйіне орналастырдық. Қазір олар сонда паналап жатыр.  2 адам туыстарының үйін паналады.  Су басқан ауладан 7 бас мал  эвакуацияланды", – дейді комитет өкілі.

Төтенше жағдай маманы Ертістің бетіне мұздың жылдағыдан жұқа қатуы қызыл су жүруіне себеп болғанын айтады.

"Ертістің бұл аумақтағы шекті деңгейі 455 сантиметр. Қазір су 445 сантиметрге түсті. Яғни, өзен мұз кептелісін еңсерді деп айтуға болады, қалыпты қарқынмен ағып жатыр. Дей тұрғанмен, елдегі барлық өзендерге мониторинг жүргізілуде.  Барлық өзендер мен су қоймалары бақылауымызда.  Тоғандарда су ағызу уақтылы жүргізіліп келеді. Бұл судың мол жиналып, үйлерге жайылмауы үшін қажет", – дейді маман.

Семейдің іргесіндегі елді мекендер қыс болса қызыл судан, көктем болса қарғын судан зардап шегетінін айтқан журналистер төтенше жағдайдың алдын алу шаралары биыл да неге жеміс бермегенін сұрады. Ведомство өкілінің айтуына қарағанда, су құрсауында жиі қалатын үйлерді көшіру қажеттігі туралы жергілікті әкімдікке хат жолданған екен. Бірақ одан нәтиже болмаған. Ертіс суы қайта көтеріле қалса, 768 тұрғыны бар 254 үйді су алуы мүмкін.

"Семейдің маңындағы елді мекендерді жыл сайын су алуының негізгі себебі – үйлердің дұрыс салынбауы. Су кодексі бойынша  жағадан 30 метр жақын аумақта үй салуға болмайды.  Осыдан барып, өзен көтерілген сайын үйлерді су алады.  Салып қойғаннан кейін оны құлатып тастай алмайсыз ғой. Өйткені адамдар тұрып жатыр. Оларды үйлерінен қуып шыға алмайсың. Әкімшіліктер үй салып, адамдарды ол жерден көшіру керек. Мысалы Ақмола облысындағы Атбасар ауылында жаңадан ықшамаудан салды да, қауіпті аймақтағы тұрғындарды көшіріп жатыр. Дәл сондай жұмыстар мұнда да жүргізілуі керек. Біздің тарапымыздан облыс әкімдігіне ондай ұсыныс хат жазылған. Жыл сайын ұсыныс беріледі. Түйемойнақ аралындағы 32 үйде 134 адам тұрады. Мирный деген жерде 30 үй бар. Онда 150 адам тұрады. Пристань елді мекеніндегі 80 үйде 134 кісі тұрады. Восточный кентіндегі 112 үйде 350 адам тұрып жатыр. Олардың бәрімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қауіпті жағдай бола қалса, не істеу керектігін жақсы біледі", – дейді Барат Дұзақбаев.

Биыл Қызылорданың іргесіндегі ел де алаңдаулы көрінеді.  Мұнда Сырдарияның деңгейі көтерілген.  Ал Төтенше жағдай комитетінің өкілі тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр. Сөйте тұра тұрғындарға қауіпті жағдай туа қалса не істеу керектігі түсінідіріліпті.

"Ауа температурасы +10 градусқа дейін көтеріліп, су деңгейі артқан болатын. Қазір қайта түсе бастады. Гидрологиялық бекеттерде үнемі мониторинг жүргізіп отырмыз. Жосалы ауылы Сырдария өзенінен 300 метр қашықта жатыр. Ол жерде 1200 адам бар.  Ал Қазалы қаласында 1 743 адам тұрады.  Қызылордада сондай бір қиыншылық болады деп ойламаймын", – дейді комитет өкілі.

Барат Дұзақбаевтың сөзіне сенсек, Сырдарияның Қараұзақ тармағындағы су деңгейі  695 сантиметрге жеткен.  Кеше сағат 18.00-ден кейін су деңгейі 693 сантиметрге түсіпті. Бұл тармақта қауіпті меже – 665, шекті меже – 770 сантиметр. Жосалы елді мекені бұл аумақтан 300 метр жерде жатыр. 

Ал Сырдария-Жосалы бекетінде су деңгейі 978 сантиметрге жеткен. Мұнда қауіпті меже – 980 сантиметр, шекті меже – 720 сантиметр. Бекет пен Жосалы елді мекенінің арасы 200 метр.

Сырдария–Қазалы бекетінде су  деңгейі 939 см-ге жеткен болатын. Кеше сағат 18.00-ден кейін су деңгейі 635 сантиметрге түскен көрінеді.  Мұнда қауіпті меже 640 сантиметр болса, шекті меже – 749 сантиметр. Жосалы ауылымен ара қашықтық – бір шақырым.

Осылайша Сыр мен Ертістің мезгілден тыс мінез көрсетуі Төтенше жағдай өкілдерін бір сілкіп алды. Дегенмен, өзен-көлдердегі ылғал мен құрлықтағы қардың мөлшерін болжау әлі ерте деп отыр.

"Ақпан айында су көздеріндегі ылғалдың қоры  мен жер бетіндегі қар қалыңдығы анық белгілі болады.  Су басу қаупі бар елді мекендер бізге белгілі. Ал оларды қауіпсіз күйге келтіру жергілікті әкімдіктердің міндетіне жатады. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін әкімдік бюджетінен қаражат игеріледі. Ал біз өз бюджетіміздің аясында құтқару жұмыстарын жүргіземіз", – деп түйіндеді комитет төрағасының орынбасары.

Есімжан Нақтыбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу