Тіл туралы айқайлап айтатындар бірде-бір адамға тіл үйреткен емес

1879

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.  

Тіл туралы айқайлап айтатындар бірде-бір адамға тіл үйреткен емес

Caravan.kz: "Тіл туралы айқайлап айтатындар бірде-бір адамға тіл үйреткен емес" деген мақалада Қанат Тасыбековтың қазақ тілі төңірегінде "дүрлікпе" жасайтындар туралы пікірі жарияланған.

Бұл мақалада "Ситуативный Казахский" атты оқулық авторы Қанат Тасыбеков қазақ тілінің мәселесі туралы әңгіме қозғаған дұрыс, бірақ бұл мәселені трагедияға айналдырмау керек деген ойын айтқан.

"Мен жуырда Қазақстанда қазақ мектептеріне қажет оқулықтар алдымен орысша жазылатынын, соңынан қазақшаға аударылатынын біліп, қатты ашуландым. Бұл – мектеп оқулықтары, бұл оқулықтар – болашақ ұрпаққа керек оқулықтар! Бұл енді масқара! Ұят!", –  дейді Қанат Тасыбеков.

Қазақ тілі мәселесін көтеретін "жанашырлар" жайында сөз қозғаған Қанат Тасыбеков: "Қазақ тілінің мәселесін дұрыс көтермейтін азаматтарды дүрлікпемен шұғылданудан бұрын нақты іспен айналысуға шақырамын. Тіл білетін сенатор немесе депутат болсаң, қазақ тіліндегі заң жобаларын алға шығар. Ал егер жазушы немесе ақын болсаң, тіл мәселесін айтып, шулай бермей, өлең жаз, әдеби контент жаса, тілді білмейтіндерге көмектес. Көбі нақты істен гөрі мәлімдеме жасағанды жақсы көреді", – деген екен.

Liter.kz: "2020 жылы қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 30 млрд теңге берген. Неге оларға сенеді?" деген сауал қояды аталмыш газет. Мақала авторының хабарлауынша, Қазақстанда қаржы пирамидасын ашу қиын емес. Олардан зардап шеккен қазақстандықтардың саны биыл 20 мың адамнан асқан. Олардың жалпы шығыны 30 млрд теңгеден артық.

Ресми дерек бойынша, 2020 жылдың тоғыз айында қаржы пирамидасын ашқаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалған, одан 637 адам зардап шеккен. Мамандардың айтуынша, қаржы пирамидасы алаяқтыққа ұқсас. Бұл жерде ұйымдастырушылар адамдардың сенгіштігін пайдаланалып кетеді. Тек пирамидадан зардап шегушілер көп болады. Оның үстіне зардап шеккендердің басым көпшілігі полицияға барып арызданбайды.

Сол себептен ресми билік өкілдерінің пікірінше, мұндай алаяқтыққа жол бермеу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Яғни қаржы пирамидаларының құрбаны болмас үшін олардың ерекшеліктері туралы білу керек. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың жауапқа тартылатынын түсіндіру керек.

Camonitor.kz: "Жолбарыстар оралады... Қазақстанның жабайы табиғаты қалпына қалай келіп жатыр?" деп жазады аталмыш басылым. Мақалада автор осыдан үш жыл бұрын америкалық актер Леонардо Ди Каприоның Instagram парақшасында "Қазақстан жарты ғасыр бұрын жойылған жолбарыстарды Орталық Азияға қайтаратыны" туралы жазбасынан кейін бұл ақпарат күллі әлемге тарап кеткенін жазған. 

Басылымның хабарлауынша, бұл бірегей жоба World Wildlife Fund дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан үкіметінің бірлескен әрекетімен іске асырылмақ. Осыған байланысты газет редакциясына қонаққа келген WWF Ресей өкілдігі Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц жоба жайында айтып берген.

Оның сөзіне жүгінсек, 2010 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (World Wildlife Fund) мен Қазақстан Үкіметі Амур жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне жерсіндіруді қолға алған. Осылайша, бірден екі мәселе шешілмек: Амур жолбарысының саны көбейеді және ежелгі таралу аймағында мысықтұқымдас жыртқыштың популяциясы қалпына келеді.

"Жолбарыстар ғасырлар бойы осы өңірде өмір сүрген. Ол адамнан қорқады, жайдан-жай тиіспейді. Ал малға шапса, жолбарыс өлтірген әрбір түлік үшін өтемақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Яғни халыққа жолбарыстың оралғаны пайдалы. Тарғыл жыртқыш бар жерден қасқыр да қашады. Қасқыр жеген малға өтемақы төленбейтіні анық. Сонымен қатар әр жолбарысқа жерсеріктен басқарылатын қарғыбау тағып, қайда жүргенін қадағалаймыз", – дейді WWF Ресей өкілдігі Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.

Express-k.kz: "Адамның деградацияға ұшырауы лезде" деп жазады бұл газет. Мақала қазақстандықтардың күллі бір ұрпағына қауіпті есірткі мәселесіне арналған. Меф – жаңа есірткінің атауы. Нарколог мамандардың айтуынша, бұл санаулы айдың ішінде сау адамды ауру қылатын есірткі. 

Бұл есірткіні пайдаланушыларды мамандар "мыктар" деп атайды. Себебі оны пайдаланғандар жөндеп сөйлей алмай, тек мыңқылдап қалады. Осының салдарынан бизнесін гүлдендіріп жүрген кәсіпкерлер үйінен, отбасынан, ақшасынан айырылады. Есірткінің дәмін бір татқаннан кейін оларға басқа қызық қалмай, бәрібір болып кетеді.

"Көшеден оларды тез тануға болады. Олар көшеде жүреді, арасында жас қыздар да көп. Көбіне түнгі клубтарда жүретін бұл қыздар бір доза үшін талай нәрсеге баруға дайын", –  дейді астаналық тұрғын.

Оның айтынша, бүгінгі қоғамда мұндай нашақор саны көбейіп келеді. Бұл өте қауіпті.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу