Әлем елдері халық санын өсіру үшін түрлі амалға барады

855

Жұмыртқа жасушасын қатырып қою, мигранттарға есік ашу қай мемлекетте белең алды? 

Әлем елдері халық санын өсіру үшін түрлі амалға барады Фото: REFORM.by

Әлем елдері халық санын өсіру үшін әр түрлі амалдарға барады. Мәселен, Оңтүстік Кореяда жастар шамамен 20 жыл бұрын ата-ана атанудың жолдарын жоспарлап қояды. Халық саны соңғы бес жылда күрт азайып келеді, сондықтан консервативті қоғам жастардың бұл амалын сынамайды. Алайда, некесіз бала босануды қатты айыптайды.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА БЕДЕУЛІК МӘСЕЛЕСІ ӨТКІР ТҰР

Білім алу, өзіңді тұлға ретінде дамыту және мансапта үздік болу. Бұл – оңтүстік кореялық жастардың мақсаты емес, басым бөлігінің басты құндылығына айналып кеткендей. Шаңырақ көтеру, ұрпақ сүю сияқты әрекеттер көбіне 40 жастан кейінге қалып кетеді. Ресми Сеул билігі қазір бедеулік мәселесінің өткір тұрғанын айтады. Диагноз қойылған науқастар тізіміне жылына шамамен 200 мың адам қосылады. Олардың ойынша, құтқара жол тек экстракорпоралды ұрықтандыру. Ал, мамандар бұл процедура тізімдегілердің тек 10 пайызында сәтті өтеді, дейді.   

"Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасының сәтті өтуі науқастың жасына және бедеулік факторларына байланысты. Егер 20 жастағы адам бала сүйе алмаса, онда процедура сәттілігі 50 %-ға жетуі мүмкін. Ал, егер 28-ден 35-ке дейінгі аралықтағы науқас жүгінсе, 40 пайыз; 40 жастан асқандарда  - 10-нан 20% -ға дейін ғана мүмкіндік бар. Ерлі-зайыптылардың жалпы табысы қарастырылады. Егер ол белгілі бір мөлшерден төмен болса, онда қосымша өтемақылар мен жеңілдіктер беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың мемлекеттік сақтандыруы болса, және экстракорпоралды ұрықтандыру құны 3,5-4 миллион вон болса, мемлекет оның жартысын, яғни, 2 миллион вонға дейін өтеуі мүмкін", дейді Акушерия және гинекология бөлімінің меңгерушісі Ли Гван.

Үкімет бала сүйе алмай жүрген жұптар үшін бұл процедура құнын ішінара өтейтін болған. Себебі, халық саны азайып барады. Туу көрсеткіші төмен. Бір қызығы, экстракорпоралды ұрықтандыруды жасау тек некедегі әйелдерге рұқсат. Консервативті қоғамда некесіз бала босанып алу – ұят. Ата-аналық қызметті 40 жастан кейінге шегерген жас корей қыздары мәселені былай шешкен: жұмыртқа жасушасын алдын ала мұздатып қою арқылы. Соңғы 10 жылда крио-консервациялау процедурасына сұраныс 9-дан 1200-ге дейін өсті. Туу көрсеткіші осылай төмен қарай сырғи берсе, 2 100 жылға қарай халық саны 51-ден 20 миллион дейін азаюы мүмкін

РЕСЕЙДЕ ТУУ КӨРСЕТКІШІ АЗАЙЫП, ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨБЕЙГЕН

Ресейде жағдай бұдан да қиын. Минималды туу коэффициенті ғана емес, максималды өлім-жітім де "бас ауруына" айналған. Соңғы 5 жыл қатарынан адам саны азайып келеді. БҰҰ алдағы 60 жылда Ресей 100 миллионнан төмен халық саны бар елге айналады, дейді. Қазір көрші елді ресми 146 миллион адам мекендейді.

"Ресейдегі демографиялық дағдарыс бірнеше негізгі факторға байланысты. Біріншісі және ең негізгісі – 1990 жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басында Ресей тарихында болған демографиялық алшақтық. Ол кезде бала туу жасындағы әйелдер саны азайды. Сәйкесінше дүниеге келіп жатқан сәбилер де аз. Екіншісі, әрине, өлім-жітімнің артуына ғана емес, сонымен бірге туу көрсеткішінің төмендеуіне де себеп болған – коронавирус. Үшінші "жаңа" фактор – Украинадағы шиеленіс", деп жазды "Псков ақпарат агенттігі" аналитикалық арнасы.

АҚШ-ТА ХАЛЫҚ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ал, АҚШ-та baby-boom. 2022 жылы халық саны 1,2 миллион адамға өсті. Жалпы, халық саны – 333 миллион. Пандемия кезінде әжептеуір азайып қалған бала туу көрсеткіші былтыр 0,4 пайызға өсіп, қалыпты жағдайға оралды. Тағы бір фактор, әрине, "Америка арманмен" көшіп келген мигранттар есебінен. Бір ғана Калифорния штатында 39 млн, ал Техаста 30 млн адам тұрады. Яғни, мигранттар есебінен елдің оңтүстігі тұрғынға толықты.  

ҮНДІСТАН ҚЫТАЙДЫ БАСЫП ОЗБАҚШЫ

2022 жылы соңғы жарты ғасырда Қытай халқының саны алғаш рет кеміген. World population Review ұйымы мен БҰҰ биыл Үндістан халқы Қытайды басып озады, дейді. Ал, 2050 жылға қарай әлем халқының саны қазіргіден 2 млрд-қа артып, 9,7-ге жетеді, деген ғалымдар болжамы жарияланды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу