Өткен айда теңге бағамының құбылмалы болуына не әсер етті?

875

Адамдардың коронавирусқа қарсы вакцина алуы және карантин шектеулерінің ішінара алынуы нәтижесінде мұнай қымбаттап жатыр.

Өткен айда теңге бағамының құбылмалы болуына не әсер етті? Фото: inbusiness.kz

Ұлттық валюта нығайып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

11 мамырдағы мәліметке сәйкес, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 427,7 теңге болып, ол бір аптада 0,1%-ға нығайған.

Сәуірде теңге бағамы құбылмалы болды. 30 наурыз бен 13 сәуір аралығында ұлттық валюта 2,1%-ға немесе 8,8 теңгеге әлсіреді. Оған мұнайдың арзандауы әсер етті. 

1 сәуірдегі ОПЕК+ шешімінен кейін мұнай бағасы құбылды: ұйымға қатысушы елдер алдағы 3 айда мұнай өндіру квотасын ұлғайтатын болды. Ал Сауд Арабиясы өндірісті тәулігіне 1 миллион баррельге қысқартудан бас тартты. Бұл факторлар мұнай бағасына айтарлықтай әсер етті.

Жалпы теңге бағамына сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Мұнда негізгі фактор мұнай бағасы, әрі Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып саналатын елдердің, әсіресе Ресей валютасының әсері көп. 

Сәуірдің басында мұнай арзандап, теңге бағамы құбылмалы болды.
Сондай-ақ Ресей рублінің арзандауы теңге бағамы да әсерін тигізді. Бұл – қосымша фактор. Рубльдің әлсіреуіне санкция тақырыбының жиі талқылануы, Ресей мен Украина арасындағы әскери шиеленістің ушығуы, шетелдік инвесторлардың рубль облигацияларынан бас тартуы ықпал етті.

Бүгінде жағдай жақсарып келеді. Мысалы, 30 сәуір мен 10 мамыр аралығында шекарадағы әскери шиеленістің әлсіреуі, Ресей орталық банкінің негізгі мөлшерлемені 5%-ға дейін көтеруі нәтижесінде рубль 1,1%-ға нығайды.

Мұнай нарығында да оң ахуал байқалады. 10 мамырда мұнайдың бір баррелі 68,32 доллар болып, ай басынан бері қара алтын 1,6%-ға қымбаттады. 

Сонымен қатар UBS халықаралық қаржы холдингі сарапшыларының болжамына сәйкес, ОПЕК нарықты толық бақылауында ұстайды. Сондықтан осы жылдың екінші тоқсанында Brent мұнайы барреліне 75 долларға дейін өсуі мүмкін.

Олардың пікірінше, коронавирусқа қарсы вакцина салдыру және карантин шектеулерінің ішінара алынуы екінші тоқсанда әлемде мұнайды тұтыну күніне 94 млн-нан 99 млн баррельге дейін артуы ықтимал.

Алайда сарапшылар мұнайдың арзандауы және коровирустың ушығуы салдарынан карантин шектеулері күшейетін болса, қара алтынға сұраныстың төмендеуін жоққа шығармайды.

Сыртқы факторлармен қатар теңге бағамына әсер ететін ішкі факторлар да бар. Мысалы, дамушы елдердің валюталары, оның ішінде теңге үшін СOVID-19-ға қарсы екпе салдыру процесі маңызды болып саналады. Себебі, вакцина әлем экономикасын тез қалпына келтіруге ықпалын тигізуі мүмкін.

2020 жылдың желтоқсанында әлемде коронавирусқа қарсы вакцина алуды бастау қаржы және тауар нарығына оң әсерін тигізді.

2021 жылдың 11 мамырында Қазақстанда 1,6 млн-нан аса адам вакцина салдырды. Бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу