"Әкімдерінде жұмыс істейін деген ниет жоқ"

ШҚО-ның бірқатар ауданы өнеркәсіпті өркендетуде 2017 жылғы көрсеткіштеріне де жете алмаған.

"Әкімдерінде жұмыс істейін деген ниет жоқ"

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың айтуынша, облыстың жалпы ішкі өнімі бір жылда 3,5 трлн теңгені құраған. Өсім әсіресе алтын және мыс өндірісінде, машинажасау саласында байқалыпты. Бұл туралы Өскеменде өткен жылдың экономикалық көрсеткіштерін қорытындылаған жиында мәлім болды.

"Ақтоғайдағы жұмыстардың жандануы мыс өндірісін 14 пайызға, Бақыршықтағы кәсіпорынның іске қосылуы алтын өндірісін 27 пайызға өсірді. Ал машинажасау саласындағы өсім 60 пайызға жетті" – дейді Сәуле Ұлақова.

Сәйкесінше, Аягөз, Жарма аудандары мен Өскемен қаласы өнеркәсіп көлемі бойынша алға шығып отыр. Ал 13 аудан жоспарлаған межені қойып, 2017 жылғы көрсеткішке жете алмаған. Көш соңында Зайсан, Бородулиха, Курчатов аудандары.

"Бұл үш ауданның да әлеуеті бар. Сондықтан көрсеткіштерін сын көтермейді деуге болады. Әкімдерінде жұмыс істейін деген ниет жоқ, әйтпесе көш соңында  қалатын жөндері жоқ еді. Бородулиха ауданына келген жаңа әкім олқы тұстарды тез арада орнына келтіруге тиіс" – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Экономикаға инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша Абай, Жарма, Зайсан, Бесқарағай аудандары сылбырлық танытқаны да айтылды. Бұл төрттіктің құрылыс саласындағы көрсеткіштері де мардымсыз. Олардың қатарын Шемонаиха және Глубокое аудандары толықтырып тұр. Аталған аудандардың барлығы былтырғы көрсеткіштерін қайталай алмай, ұятты болып отыр.

Халықты баспанамен қамтуда Зайсан ауданы тағы да көш соңында. Мұнда жылдық жоспар 17 пайызға ғана орындалған. Зайсаннан жоғары Ұлан, Бесқарағай, Аягөз аудандары жайғасыпты.

Жалпы облыс бойынша экспорт көлемі 33 пайызға кеміп, импорт 13 пайызға артқан. 

"Экспорттың төмендеуіне минералдық өнімдерге сұраныстың 1,8 есеге кемуі себепкер болған. Сондай-ақ, металл мен металл бұйымдарға қажеттілік 1,7 есе азайған. Бізде өндірлетін қондырғылар мен көлік түрлері 2017 жылмен салыстырғанда  8,7 есе аз сатылған. Есесіне шетелден әкелінетін қондырғылар мен көлік түрлері 1,7 есеге көбейіп отыр. Ет пен өсімдік өнімдері 1,8 есе, ағаш өнімдері 14,9 пайыз көп әкелінген. Осының салдарынан импорт өскен" – дейді Сәуле Ұлақова.

Бұл өз кезегінде халық көп тұтынатын тауарлардың бағасына әсер еткен. Атап айтсақ, азық-түлік бағасы орта есеппен 4,3 пайызға өскен. Әсіресе ет пен сүттің бағасы 7 пайызға,  қант бағасы 18 пайызға көтеріліпті. Дәрі-дәрмек бағасы 3,7 пайызға, көмір мен ағаш отын бағасы 9,7 пайызға, дизельдік отын бағасы 29,9 пайызға, киім-кешек бағасы 7,4 пайызға қымбаттаған. Ал қызмет түрлерінің бағасы 5,4 пайызға қымбаттап, республикалық көрсеткіштен асып кеткен. Әсіресе қоқыс шығару қызметі 20 пайызға өскен.

"Елбасы тапсырмасына орай жыл аяғында 46 қызмет көрсетуші кәсіпорын 80 тариф бойынша қызмет құнын мысқалдап азайтқан болатын. Соның әсерінен халықтың қалтасынан 2,6 млрд теңге үнемделді" – деді басқарма басшысы.

Денсаулық саласында обыр мен туберкулездің таралуы азайып, ана мен бала өлімі артқан.

"Бала өлімі 1,4 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, Семейде екі, Жарма ауданында бір ана өлімі тіркелді" – дейді Сәуле Ұлақова.

Облыс басшысы аталмыш олқылықтардың орнын толтыру үшін биыл тыңғылықты жұмыс істеу қажеттігін атады. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына білек сыбана еңбектену жүктелді.

"Ана өлімі бойынша өрескел жайттар тіркелгені жасырын емес. Алдын алып, жаса аналарды қамқорлыққа алу қажет. Дәрігерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін қызметін бағалау критерийлерін дайындауды тапсырамын. Осы критерий бойынша олардың өз кәсібіне қаншалықты лайық екенін анықтайтын боламыз. Ал халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында ауызсусыз отырған елді мекендерге қомақты қаражат сұрап отырмыз. Қазір энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының  қолында 100 жоба бар. Оны жүзеге асыру үшін 61 млрд теңге қажет. Осы бағытта тиімді іс атқаруымыз керек. Мектептерді ІТ-технологиямен жабдықтау ісінен шағын мектептер шет қалмауға тиіс. Ондай проблема бар. Тым болмағанда шағын білім ошақтарына интерактивті тақталар орнату қажет. Бұл шаруа сәуір айына дейін тиянақ табуға тиіс", – деді Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу